Наразылық, отставка, сахнада құлау: «Әлем аруы» несімен есте қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Мексика аруы Фатима Бош сұлулық байқауына дайындық кезінде жанжал шығарғанына қарамастан «Әлем аруы» атағын жеңіп алды. Таиландта өткен байқауда ұйымдастырушылардың бірі оның мінез-құлқын сынаған, деп хабарлайды ВВС.
Бұл сұлулық байқауындағы бір ғана жанжал емес. Ақтық мәре алдында екі төреші ұйымдастырушыларды біржақты деп айыптап, отставкаға кететінін жариялады.
Финалға екі күн қалғанда Ұлыбритания мен Ямайкадан келген үміткерлер дайындық кезінде сахнада құлап қалды. Сахнада сүрінген ямайкалық аруды дәрігерлер зембілге салып, ауруханаға жеткізді.
Мексикалық арудың дауы байқау аяқталғаннан кейін де жалғасты. Бұл жолы оның жеңісін мойындамағандар шу шығарды. Әлеуметтік желідегі пікірлер екіге бөлінді. Себебі Таиланд аруы Правинар Сингх жеңімпаз болады деп болжанған. Ол ұзақ уақыт бойы жеңіске басты үміткер болған. Алайда байқау қорытындысы бойынша бірінші вице-мисс ретінде екінші орынға ие болды.
Үшінші орын венесуэлалық Стефани Абасалиге бұйырса, финалдық бестікке филиппиндік Ма Ахтиса Манало мен Кот-д’Ивуар аруы Оливия Ясе де кірді.
Айта кетейік, бұған дейін «Әлем аруы» байқауында ұйымдастырушы үміткерді балағаттағаны туралы жаздық.