«Нарцисс» науқасына шалдыққандар немесе қазақ баласы кумирсіз қалған жоқ па? - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 9 сәуір, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

 «Нарцисс» науқасына шалдыққандар немесе қазақ баласы кумирсіз қалған жоқ па? - БАҚ-қа шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, қазіргі күндері батып бара жатқан кеменің ішінде аласұрып, бұрыштан бұрышқа қашып жүрген атжалманның кейпін келтіретін БТА-Банктің бір кездегі директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайлас жемқорлық сипатындағы сарбаздарын бұрынғыдан бетер тұйыққа тірейтін тағы бір оқиға орын алды. Бұл атышулы «Әли баба және оның қырық қарақшысы» атанған командаға жығылған үстіне жұдырық болып тиіп жатыр... Бұл - елді тонаушылықтың өзгеше бір үлгідегі дәйекті дерегі. Ал қара қылды қақ жаратын қазылар тобы Альбион жерінде де бар екен. Англияның Жоғарғы соты аталмыш нояндарға қарсы процесс жүргізу барысында кезекті істі ешбір бұлтарыссыз тағы да БТА-Банктің пайдасына шешіп берді. Бұл жолы «Drey ісі» (немесе «DCM ісі») деген атпен белгілі болған қылмыстық істі талқылау шеңберінде мәселені қараған сот М.Әбіләзовтен 2 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты үстеме пайызымен қосып өндіріп алуға үкім етті. Сот сондай-ақ, осы істің аясында банктің бұрынғы басқарма төрағасы Роман Солодченкодан 400 млн. доллар мөлшерінде төлем өндіру жөнінде ұйғарым жасады. Мақала «Батқан кеменің бейбақтары» атты тақырыппен беріліп отыр.

***

«Иранның ядролық бағдарламасы мәселесі бойынша Алматыдағы Теһран және «алтылық» келіссөздерінің кезекті раунды айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Пікірталас екі тәулікке созылды. Үш пленарлық отырыс, бірнеше екіжақты кездесулер өтті. Тараптар мәселе алдағы раундтарда шешіліп қалар деген үмітте»,-деп жазады «Айқын» бүгінгі санындағы «Алматы: келіссөз әлі жалғасады» атты мақалада. Иран делегациясының басшысы - Иран ұлттық қауіпсіздік Жоғарғы кеңесінің хатшысы Саид Жалили келіссөздердің жаңа сапалы деңгейге жеткенін, жақсы талқылаулар болғанын мәлімдеді. Келесі раундта барлығы «алтылық» өкілдерінің тазалығына және тиісті сенімділік шараларын қабылдауға дайындығына байланысты болмақ. Иран делегациясы ақпан айында өткен кездесудегі «алтылықтың» барлық ұсыныстарына жауап дайындаған. Соның ішінде Фордудағы уран байыту объектісіндегі белсенділікті төменгі деңгейге көшіру және елдегі 19,75 пайызға дейін байыту материалдарын оксидтік түрге көшіру мәселелерін де қозғаған. Алайда «алматылық пакеттегі» құжаттарға Теһранның берген жауаптары «алтылық» өкілдері арасында көптеген сұрақтар туғызды.

Осы басылымда «Қырғыздар Әуезовті ұлықтады» деген мақала берілген. Бішкек қаласында әлем әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды.
Бұл салтанатқа Бішкек мэрі Иса Омуркулов, Қазақстан­ның Қырғызстандағы елшісі Бейбіт Исабаев, Қырғыз вице-пре­мьері Камила Талиева, ҚР Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Султан Раев, Еңбек, көші-қон және жастар ми­нистрі Алиясбек Алымкулов, Қырғызстан қазақтары қауым­­дастығының төрағасы Серікқұл Қосақов, «Мұхтар Әуезов» қоғамдық қорының президенті Мұрат Әуезов қатысты.

***

«Бұрын адамда таңғалу деген қасиет болушы еді, ал қазір селт етпейтін боп барамыз. Себебі таңсық ештеңе қалмады. Олай болмасына қоя ма, күнде үйіңізде теледидар мен интернет жақсысын да, жаманын да жарыса көрсетіп жатса. Күні кеше ғана, Қадыр ақынша айтқанда, «жайлауында жүрген жігіт бағып қой» араға ай салар-салмас теледидар бетінен түспейтін «жұлдызға» айналып шыға келеді. Өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сондай біреу «төбеге шыққаннан» кейін, басқа таңғалатын не қалды? Жалпы, қазір қайда қарасаңыз да, тек өзін ғана жарнамалап, өзін ғана көрсетіп, өзімен ғана әлек боп жатқан біреу... Осыған қарап қазіргі қоғам тұтас «нарцисс» науқасына шалдыққан ба деп қаласыз»,-деп жазады «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында. Бұл мақала газетте «Нарцисс» науқасына шалдыққандар немесе қазақ баласы кумирсіз қалған жоқ па? деген тақырыппен жарияланып отыр.

«Кезінде сахарада қына теріп, мың-мыңдап еркін кезген бота көз киіктердің бүгінгі «алқындысы» «алқам шүкірге» жарағанымен, алаң көңілді жұбатуға жетпей тұрғаны рас. Сенсеңіз, өткен ғасырдың 50- жылдары қазақтың атақонысында киіктің жалпы саны 2 миллионнан асқан, ал 90-жылдары оның саны 1 миллионға азайыпты. 2000 жылдардың басында бұл миллионнан бар болғаны 23 мыңдай киік қалды..»,-деп жазады «Алаш айнасы» «Киіктің көбеюіне заңымыз мүдделі емес пе?» атты мақалада. 2006 жылы қазақ киелі деп есептейтін бұл жануар Қызыл кітапқа енгізілгеннен кейін жасалып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде оның саны бүгін 136 мыңнан асты. Шүкір етерлік. Кезінде Қытайда, Түрікменстан, Өзбекстан, Моңғолия аумағында еркін жосылған киіктердің бүгінгі «қалдығының» 90 пайыздайы қазақ жерін мекен етеді. Осыны меңзеген болуы керек, шетелдік сарапшылар бұл жануарды «ұлттық брендке айналдырып, қорғауға алу керектігін» айтады. Құла түзге айналып бара жатқан қазақ даласының ұлттық проблемасының шешімі қайда?