NASA Crew-11 экипажын Жерге ертерек қайтаруды ұйғарды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ ұлттық аэронавтика және ғарыш басқармасы (NASA) астронавттардың бірінің денсаулығына байланысты Халықаралық ғарыш станциясынан Crew-11 экипажының мерзімінен бұрын оралатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
NASA әкімшісі Джаред Айзекманның айтуынша, ХҒС экипажы Crew-11 миссиясындағы әріптесіне тікелей орбитада диагноз қоюға және медициналық көмек көрсетуге мүмкіндігі жоқ.
— Бұрын атап өткеніміздей, бұл ауыр медициналық жағдай болды. Сондықтан Crew-11 экипажының Жерге ертерек оралу жолы таңдалды. Мен ғарышкерлеріміздің мүддесі үшін оларды жоспарланған мерзімнен бұрын Жерге қайтару керек деп шештім, — деді Айзекман нақты күні әлі жарияланбағанымен экипаждың жақын күндері оралатынын атап өтіп.
NASA Медициналық мәселелер жөніндегі басшысы Джеймс Полк ерте оралу төтенше жағдайдағы эвакуация емес екенін жеткізді.
— Ғарышкердің жағдайы тұрақты, сондықтан біз орбитадан төтенше түсу немесе ондағы қиын жағдай туралы айтып отырған жоқпыз, — деді ол.
Полк агенттік әлі ғарышкердің жеке басын немесе оның денсаулығы туралы мәліметтерді жария етпейтінін айтты.
Crew-11 экипажында америкалық астронавтар Зена Кардман мен Майк Финк, жапон астронавты Кимия Юи және ресейлік ғарышкер Олег Платонов бар. Финк пен Кардман бейсенбі күні станцияның сыртында жабдықты орнату үшін 6,5 сағаттық ғарыштық саяхат жасауы керек еді. Ғарышкерлер Халықаралық ғарыш станциясына тамыз айында жеткен, олар мамыр айында жерге оралады деп жоспарланған болатын.
Айта кетейік, 2036 жылға қарай «Роскосмос» айда электр станциясын салуды жоспарлап отыр.
Ал Қазақстан «KazSat-3R» ғарыштық байланыс жүйесін құруға конкурс жариялады.