NASA 3I/ATLAS кометасының жақыннан түсірілген суреттерін жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — NASA сәрсенбі күні біздің Күн жүйемізге жылдам жақындап келе жатқан, әрі бір-ақ рет «қонақ» болатын жұлдызаралық 3I/ATLAS кометасының жақыннан түсірілген кадрларын ұсынды.

NASA
Фото: NASA

Өткен жазда анықталған бұл комета 3I/ATLAS деген атаумен белгілі, ол – біздің ғарыш аймағымызға келген үшінші расталған жұлдызаралық нысан. Өткен айда ол Марстың жанынан ұшып өтті.

Марс орбитасында және оған жақын маңда орналасқан NASA-ның бірнеше ғарыш аппараты комета бар болғаны 29 млн шақырым қашықтықта ұшып өткенде оның үлкен пландағы суреттерін түсірді. Кометаның қозғалысына Еуропалық ғарыш агенттігінің Марс төңірегінде айналып жүрген екі спутнигі де бақылау жүргізді.

3I/ATLAS кометасы
Фото: NASA

Ал астрономдар біздің планетаға жақындап келе жатқан кометаға Жердегі телескоптарды бағыттап жатыр. Қазір ол Жерден шамамен 307 млн шақырым қашықтықта орналасқан. Virtual Telescope жобасының маманы Джанлука Мази сәрсенбі күні Италиядан кометаның үлкейтілген суретін алды.

Комета Жерге ең жақын 269 млн шақырым қашықтыққа желтоқсан айының ортасында келеді. Одан кейін ол қайтадан жұлдызаралық кеңістікке ұшып кетеді және қайтып оралмайды.

3I/ATLAS кометасы
Фото: NASA

Юпитерге бет алған Еуропалық ғарыш агенттігінің Juice ғарыш аппараты осы ай бойы, әсіресе оның Күнге ең жақын нүктеден өткенінен кейін өзінің камералары мен ғылыми құралдарын кометаға бағыттап келді. Алайда ғалымдар бұл бақылаулардың нәтижелерін ақпан айына дейін ала алмайды, себебі Juice аппараты Күнге тым жақын ұшқан кезде оның негізгі антеннасы жылу қалқаны ретінде пайдаланылады, бұл мәлімет жіберу мүмкіндігін шектейді.

Кометаны Жерден дүрбі немесе телескоп арқылы таңға жуық көруге болады.

Айта кетейік, бұған дейін NASA жұлдызаралық нысан – 3I/ATLAS кометасының суреттерін тікелей эфирде көрсететінін жаздық.

Соңғы жаңалықтар