Наталья Арыстанова: Қазақтың тойы бітпесін...

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды өңірінде өнерімен елге танылып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі тігінші Наталья Арыстанова. Өзге ұлт өкілі бола тұра қазақ тілін жетік меңгерген Наталья өз өнімдерін қазақы нақышта тігеді.

Наталья Арыстанова: Қазақтың тойы бітпесін...

Шебер тігіншінің қолынан шыққан оюмен өрнектелген көпшіктер мен жастықтар мен орамалдар түрлі кәдесыйлар қалың көршілік қуана сатып алады. Натальяның тігіншілікті қолына алғанына 20 жылдың жүзі болған.

«Қазақта той көп. Тойларымыз көп бола берсін, аманшылық болсын!. Сондықтан мынадай жастықтарға «Құдағиым сырласымдай болсын» деген әдемі сөздер жазамыз. Адамдар оларды сыйлық ретінде тамаша деп алып жатыр. Кішкене ғана ою қоссаңыз да керемет әдемі болып көрінеді», - дейді кәсіпкер Наталья Арыстанова.

Кәсібін кеңейту мақсатында Наталья Қытайдан қондырғы сатып алған. Станок арнайы компютерлік бағдарлама арқылы қалаған сөзді автоматты түрде жазып береді. Бұл кқп уақытты шығындамай өнімді мол етіп шығаруға мүмкіндік береді.

Кәсіпкердің сауда саласында жүргеніне 20 жылға жуықтаған. Сондықтан бұл өнердің қыр-сырын жақсы меңгерген. Ол көбіне өз ісіне Ресей мен Қытай маталарын пайдаланады. Шетелдің сапалы маталарынан «Қазақстанда жасалған» өнім дайындап халыққа ұсынады.

«Көбісі х/б деоген сөзді естиді де, оның не зат екенін толық түсінбейді. Х/б дегеніміз 100% мақтадан жасалған жұмсақ мата. Дәке секілді айқастыра тоқылған, жіптердің арасында арақашықтығы алшақтау болады, бірақ жіптері қалың. Сондықтан ауа өткізгіш қасиеті жоғары болады. Осындай матадан тігінген киім кисеңіз терлетпейді», - дейді Наталья Арыстанова. Болашақта мұндағы шеберлер жаңа жобаларды қолға алмақ. Тойбастарлармен құрақ көрпелер және қыз жасауын тігеміз дейді.

«Негізі қазіргі цехіміз өте кішкентай. Болашақта оны кеңейтсек деген ойымыз бар. Қазір «Даму» арқылы қаражат алуды ойлап отырмыз. Қосымша жабдық алып, адамдарды жұмысқа алып, оларды үйретпікшімін. Осылайша кәсібімді екі есе кеңейту ойымда бар», - дейді кәсіпкер.

Сатылымдағы өнімдер арнайы дүкенге қойылады. Наталья Ивановна сатушыларды жұмысқа қабылдаған соң, менеджерлік бағытта оқу курстарын өзі жүргізеді. Себебі халыққа қызмет көрсететін маман ұсынып отырған тауардың сапасын, матасының әлеуметін түсіндіре алуы керек. Бастысы кәсіпкер үшін сатушылардың қазақ тілінде қызмет көрсетуі бірінші орында. Сондықтан кейбір қызметкерлерін қазақ тілін үйрену курстарына да жіберген.

«Қызметкерлерім қысқа мерзімді 21 күндік курстардан өтті. Ол жерден арнайы сертификат алды. Енді олардың басым бөлігі мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді. Ең жиі қолданылатын қазақ тіліндегі сөздерді үйренді», -дейді Наталья Арыстанова.

«Мен осы жерде алты жылдан бері жұмыс істеп келемін. Наталья Ивановна өте ашық кісі. Қажет болған жағдайда, әрдайым бізге көмек көрсетеді. Көбінесе бізбен қазақша сөйлесіп, жұмыста барлығын қазақша түсіндіріп отырады», - дейді наталья Арыстанованың қол астындаы жұмыс істейтін сатушы Диана Қалмағамбетова.

Наталья Арыстанова қазақтың келіні. Барлық салт-дәстүрді сақтайды. Бұл отбасында жұма мен мереке сайын шелпек пісіріп, майдың иісін шығару міндет. Ол Ақтөбе облысындағы Мұғалжар ауылында туып өскен. Орыс мектебінде оқыса да, қазақша сөйлейді.

«Қазақ балалардың арасында күліп-ойнап өстім, осылайша қазақ тілін үйрендім. Балалық кезімде қай тілде сөйлеп жүргенімізге аса мән бермейтінбіз. Ойын барысында әйтеуір шүлдірлеп жүре береміз. Қазақ тілінде жетік сөйлеуіме өскен ортам септігін тигізді деп ойлаймын», - дейді Наталья Арыстанова.

Наталья мен жолдасы екеуі де Батыс Қазақстанның тумасы болса да, тағдырлары Теміртауда тоғысыпты. Себебі екеуі де Қарағанды политехникалық колледждің түлегі. Бірақ отау құрған жылдары Шалқар ауылында тұрып, қара жұмыстың қазанында қайнаған. Өз кәсіптерін тапқанша ерлі-зайыпты ұстаздық қызмет атқарған. Дегенмен аумалы- төкпелі 90 жылдары оларға да оңай болмапты. Сол кездері халықтың бір-біріне деген қолдауы қиындықты жеңуге жол ашты дейді ол.

Қазір Наталья Арыстанова екі баланың анасы. Перзенттерінің бойына қазақтың салт-дәстүрін сіңіруде. Өзге ұлт өкілімін деп жатсынбай, осыған дейін тіпті 24 баланы қырқынан шығарған екен. Бұл дәстүрдің өзі бірнеше рәсімнен, ырымнан тұрады. Әр жөн жоралғысын қазақ келіні жақсы біледі.

Ал Ұлыстың ұлы күнінде Натальяның таңы шелпек пісіруден басталады. Дастарханын жайып, қонағын қарсы алады. Себебі бұл мейрам оның отбасы үшін жаңарған жаңа жыл, жаңа күн, жаңа бастамалардың жаршысы.