НАТО-ның 75 жылдығы: альянстың құрылуы мен кеңею тарихы

75 жыл НАТО
Коллаж: Kazinform / Midjourney / Freepik

1949 жылы 4 сәуірде Трансатлантикалық альянс құрылғанда оның 12 мүшесі ғана бар еді. Ал қазір ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлесіп жұмыс істейтін ұйымда 32 ел бар. 9-11 шілде аралығында Вашингтонда НАТО-ның 75 жылдығына орай саммит өтпек. Осыны ескеріп, Kazinform тілшісі әскери-саяси блок дамуының негізгі кезеңдерін шолып шықты.

Вашингтон шарты

НАТО тарихы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталғанын жақсы білеміз. Соғыстан кейінгі уақытта капиталистік және коммунистік екі жүйенің мүдделері қақтығысты. 1948 жылы ақпанда коммунистер Чехословакияда билікке келді. КСРО одақтастары Батыс Берлинге тосқауыл қойды. Осы оқиғаларды ескере отырып, АҚШ президенті Гарри Трумэн 1947 жылы наурызда жеке доктрина жариялады.

Өз кезегінде 1948 жылы Еуропадағы одақтастар – Бельгия, Ұлыбритания, Люксембург, Нидерланд және Франция ұжымдық қауіпсіздікті көздейтін Брюссель пактісін ресімдеді. Осы кезден бастап олар АҚШ және Канадамен біріккен, Трансатлантикалық әскери одақ құру туралы келіссөздер жүргізуді бастаған болатын.

Ақыры 1949 жылы 4 сәуірде 12 мемлекет – Бельгия, Ұлыбритания, Дания, Исландия, Италия, Канада, Люксембург, Нидерланд, Норвегия, Португалия, АҚШ және Францияның СІМ басшылары Вашингтонда Солтүстік Атлант шартына (бейресми Вашингтон шарты – ред.) қол қойды. Әскери-саяси одақтың негізі – Солтүстік Атлант шарты ұйымы, яғни, қысқаша – НАТО.

НАТО
Фото: nato.int

 

Әуелдегі мақсат «Солтүстік Атлант өңіріндегі тұрақтылықты нығайту және әл-ауқатты арттыру» деп жарияланды. Шарт 24 тамызда күшіне еніп, құжаттың негізін сақтаушы депозитарийі АҚШ елі атанды.

НАТО неге әскери блокқа айналды?

НАТО алғашында тек одақ болды, бірақ әскери құрылым ретінде сипат алмаған еді. Әскери құрылымға айналу бастамасы КСРО алғаш рет 1949 жылы атом бомбасын сынаған кезде қозғалды. Ал 1950 жылы корей соғысы басталды. Сонда НАТО әскери штабпен біріккен командалық құрылым құрды. Бұл «SHAPE» деп аталатын Еуропадағы одақтас державалардың Жоғарғы штабы еді, онда НАТО-ның Еуропадағы Біріккен қарулы күштерінің бірінші Жоғарғы Бас қолбасшысы («SACEUR») ретінде америкалық генерал Дуайт Д.Эйзенхауэр тағайындалды. Көп ұзамай одақтастар Парижде тұрақты азаматтық хатшылық құрып, Ұлыбританиядан келген лорд Гастинг Лайонел Исмейді НАТО-ның бірінші бас хатшысы етіп тағайындады.

Екі әскери блоктың мәртебесі

1960-шы жылдары болған «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі шиеленіс КСРО мен АҚШ Кубадағы қақтығыстан құтылғанда барып басылды. Солтүстік пен оңтүстік арасындағы қақтығысқа Құрама Штаттар қатысты, Вьетнамдағы шиеленіскен жағдайдан да тыс қалған жоқ. 60-шы жылдардың осылай қолайсыз басталғанына қарамастан, аталған онжылдықтың соңында Батыс және Шығыс блоктарының арасындағы шиеленіс аздап шешіле бастағандай еді.

Себебі екі полюс өздерінің нақты статустарын қабылдап, НАТО мен «SHAPE» жаңа орынға көшті. 1966 жылы наурызда Франция НАТО әскери қолбасшылығының бірыңғай құрылымынан шығатынын жариялады және одақтастардың барлық штабтарын француз аумағынан шығаруды талап етті. «SHAPE» жаңа штаб-пәтері 1967 жылы наурызда Бельгия жеріндегі Кастода құрылса, НАТО штаб-пәтері дәл сол жылы қазанда Брюссельге көшті.

НАТО
Фото: wikipedia.org

 

Дегенмен Франция альянстың құрамында қалып, НАТО жұмысына одақтастарымен дәйекті түрде қатысып отырды.

«Қырғи-қабақ соғыстың» шиеленісуі

Өткен ғасырдың 70-жылдарының соңында АҚШ пен КСРО арасындағы «қырғи қабақ соғыс» қайтадан күрделене түсті. 1979 жылы Ауғанстандағы Кеңес Одағының іс-қимылы, SS-20 Sabre кеңестік баллистикалық зымырандарының Еуропада орналасуы екі блок арасындағы өштікті тұтатты. Өз кезегінде НАТО одақтастары «Першинг-2» ядролық дүркін құрылғылары мен жерүсті зымырандарын Батыс Еуропаға орналастыру туралы «екіжақты» шешім қабылдады.

НАТО
Фото: wikipedia.org

 

1985 жылы Құрама Штаттар мен Кеңес Одағы Орта қашықтықтағы ядролық карулар туралы шартқа қол қойды. 1987 жылы Жердегі орта қашықтықтағы барлық ядролық, баллистикалық және қанатты зымырандарды жою туралы шарт күшіне енді. Осы қадам «қырғи-қабақ соғыс» аяқталып келе жатқанының алғашқы белгісі ретінде қарастырылды. 1980 жылдары НАТО-ға Испания да қосылды.

«Бейбітшілік үшін серіктестік»

1991 жылы желтоқсанда НАТО мүшелері Солтүстік Атлант ынтымақтастығы кеңесін құрды, кейін, 1997 жылы Еуроатлантикалық әріптестік кеңесі деп өзгертілді. Форум Орталық Еуропа, Шығыс Еуропа және Орталық Азия мемлекеттерімен жаңа қарым-қатынастар орнатудың тұғырнамасына айналды. НАТО-ның ынтымақтастық векторы оңтүстікке дейін жетті. 1994 жылы альянс блок құрамына кірмейтін Жерорта теңізінің алты елі – Египет, Израиль, Иордания, Мавритания, Марокко және Туниспен диалог орнатты, оған 2000 жылы Алжир де қосылды.

НАТО
Коллаж: freepik.com/ wikipedia.org

 

1994 жылы НАТО «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» деп аталатын бағдарлама құрып, альянсқа кірмейтін елдерге серіктестерімен ақпарат алмасуға және өз қарулы күштерін блок стандарттарына сәйкес жаңғыртуға мүмкіндік берді. Қазақстан да осы бағдарламаның қатысушысы саналады. Бұл ретте блоктан тыс әріптестерге альянсқа қатысудың деңгейін таңдау ұсынылады.

Блокты түрлендіру тетігі

Бірте-бірте альянс Еуропаның шығысына қарай кеңейді. 1999 жылы ұйымның стандарттарына қатысты саяси және әскери реформаларды аяқтағаннан кейін Чехия, Венгрия және Польша НАТО-ға қабылданды. 2004 жылы Вашингтонда Болгария, Латвия, Литва, Румыния, Словакия, Словения және Эстонияның альянсқа кіру рәсімі өтті. Осылайша, НАТО мүшелерінің саны 26 мемлекетке жетті.

Ал 2009 жылы НАТО-ға Албания мен Хорватия қосылды. Балқандағы блоктың кеңеюін Черногория (2017 жылғы маусым) және Солтүстік Македония (2020 жылғы наурыз) жалғастырды. Геосаяси оқиғалар НАТО-ға кейінгі екі жылда Швеция мен Финляндияның қосылуына жол ашты.

НАТО
Инфографика: Kazinform

 

Қазір НАТО құрамында 32 мемлекет бар. Ашық дереккөздерде НАТО-ның барлық мүшелерінің біріккен қарулы күштерінде 3,5 млн-ға жуық жеке құрам бары жазылған. Барлық мүше мемлекеттерде 966,88 млн адам тұрады, ал жер аумағы 25,07 млн шаршы шақырымды алып жатыр.

НАТО
Инфографика: Kazinform

 

Оның үстіне қазір НАТО-ға мүше барлық елдер жалпы ішкі өнімінің 2 пайызын блоктың бюджетіне төлеуге ұмтылады.

НАТО-ның қазіргі миссиялары

Қазір НАТО елдерінің 4,5 мыңға жуық әскери қызметшісі Косовода әрекет етеді. 1999 жылдың маусымында алғаш рет Косовоға кірген әскерлер бүкіл аумаққа айтарлықтай ықпал жүргізуін жалғастыра берді. 2008 жылы ақпанда Косово тәуелсіздігін жариялағаннан кейін НАТО БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1244 қарары негізінде өзінің ықпалын жалғастыруға келісті.

НАТО теңіз саласында үш негізгі операция мен іс-шаралар жүргізеді: Альянстың тұрақты әскери-теңіз күштері, «Теңіз күзеті» және «Эгейлік қызмет» операциялары.

Өзіндік әуе полициясы да жұмыс істейді. Тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн бойы жойғыш авиация мен экипаждардың тұрақты қызмет етуін қамтамасыз етеді. Өз одақтастарының аспанын шолып отырады. Халықты әуе күштерінің қауіпнен, зымырандардың шабуылынан қорғайды.

Вашингтондағы саммитте не талқыланады?

9-11 шілде аралығында Вашингтонда өтетін мерейтойлық саммит НАТО-ның таяудағы елеулі оқиғасы болмақ. НАТО-да ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген Шығыс зерттеулер орталығының (Польша) қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі аға сарапшысы Роберт Пшель Вашингтондағы саммит НАТО мүшелерінен жедел шешімдерді талап етеді деп есептейді. Сонымен қатар ол Орталық Азия НАТО үшін жан-жақты ынтымақтастық құру ретінде қызықты өңір болып қалатынына сенімді.

– Қазақстан – зор әлеуеті мен өңірлік амбициялары бар ірі мемлекет. Сонымен қатар әлемде болып жатқан оқиғаларға өз көзқарасы бар. Егер байқасаңыздар, кейінгі жылдары НАТО басқа елдермен жан-жақты және түрлі деңгейдегі қарым-қатынас орнатуда. Бұл орайда Қазақстан мен Орталық Азия елдері блок үшін қызығушылық танытып отыр, – деді Роберт Пшель.

Бұл тұста сарапшы НАТО саммиттерді жиі өткізбейтінін атап өтті. Жылына бір рет, кейбір жағдайларда жылына екі рет қана болуы мүмкін.

– Бүгінде НАТО-ның алдында жаңа қауіп-қатерлер тұр. Блоктың қаржылық аспектілерін кеңейту, басқа елдерге көмек көрсету мәселелерін талқылау қажет, – деп түйіндеді сөзін.

НАТО-ның қазіргі бас хатшысы Йенс Столтенберг 1 қазанда ресми түрде қызметінен кетеді.

Соңғы жаңалықтар