НАТО саммиті Таяу Шығыстағы қақтығыстарды талқыламайды
АСТАНА. KAZINFORM – 24–25 маусымда Гаагада өтетін НАТО саммитінде Таяу Шығыстағы жағдай қаралмайды, деп хабарлайды ТАСС.

Мәліметке сәйкес, қазірге дейін әскери одаққа мүше елдердің басшылары бұл мәселені талқылайтын ресми жоспар құрмаған. Алайда кей дереккөздер атап өткендей, АҚШ президентінің Иранға ықтимал шабуыл жайлы айтқан пікірі бұл жиынға белгісіздік әкеліп отыр. Одақ өкілдері кездесу нақты әрі жоспарлы түрде өтеді деп үміттенген болатын.
Саммит бағдарламасы қысқарған. Бұған президенттің Канадада өткен алдыңғы жиыннан ерте кетуі де әсер еткен. Гаагадағы жиын қорытындысында ауқымды мәлімдеме емес, қысқа ғана ресми хабарламалар жасалмақ.
Жиын кестесінде екі ғана негізгі шара қарастырылған: салтанатты қабылдау мен бір отырыс. Бұрынғыдай екі не үш жиын өткізілмейді. Украина басшысы жиынға емес, тек ресми қабылдауға шақырылған. Сонымен қатар, Украина мен НАТО арасындағы кеңес те өткізілмейді.
Дереккөздер бұл жағдайды пайдаланып, кейбір ел басшыларының әскери шығындарды ішкі жалпы өнімнің 5 пайызына дейін арттыру туралы ұсыныс айтуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. АҚШ басшысы осы талапты саммит барысында ерекше атап өтуі ықтимал.
Айта кетелік Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік (МАГАТЭ) Иранның Арак қаласы маңында салынып жатқан ядролық нысанға соққы жасалғанын растаған еді.