Нәубетті жылдардың құрбаны болған боздақтар рухына тағзым ету - ұрпақ парызы

АСТАНА. ҚазАқпарат - XX ғасырдың басы адамзат тарихындағы ең бір қасіретке толы жылдардың шежіресін жылнамалаған кезең болды. Барша әлемнен тыныштық кетіп, жер беті қақтығыстар мен дүрбелеңдерге толған, аласапыран заманды бастан кешіріп жатты. Міне, осы зарлы заманның қара бұлты қазақ елінің де басынан айналып өткен жоқ. Тіптен, әлемде сирек ұшырасатын, ұлт тарихында бұрын-соңды болмаған аштық қырғыны қазақ жерінде орын алып, соңы қуғын-сүргінге ұласты. Қазақ ұлты нәубетті жойқын соғыстар мен табиғаттың қатал мінез танытқан, ұлы жұт жайылған беймаза тіршілік тауқыметінде де мұндай қанды қырғынды көрмеген еді.
None
None

Қазақ халқының басынан өткен, жасырып-жабуға келмейтін осындай үлкен тарихи оқиға тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін жабық тақырып болып келді. Сол себепті алапат аштық туралы ашық айтылмай, оқиғаның тарихи себептері халыққа бұрмаланып жеткізіліп отырды. Тек, тәуелсіз Қазақстан мемлекеті құрылғаннан кейін ғана ұлт ұрпақтары өткенге үңіліп, тарихтың ақтаңдақ тұстарының жауабын іздеуге кірісті.

Бұл нәубетті жылдардың өз тарихи бағасын алуына Қазақ елінің айрықша мән бергенін атап өтуіміз керек. Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы қабылданған заңдардың бірі болып, 1993 жылдың 14 сәуірінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. 1995 жылы ҚР Президентi жанындағы Мемлекеттiк саясат жөнiндегi Ұлттық Кеңестiң мәжiлiсiнде «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» бекiтiлді. Мұндағы Қазақстан тарих ғылымының алдына қойған мiндеттердiң бiрi Кеңестiк дәуiрдегi Қазақстан тарихын қайта пайымдау болды. Соның қатарында Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргiн тарихы да бар. 1996 жылы 30 желтоқсанда ҚР Президентiнiң «1997 жылды Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу жылы деп жариялау туралы» Жарлығы шықса, 1997 жылы осынау қазақтың басында болған қасіретке толы кезеңді ұмытпау, естен шығармау мақсатында ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi деп белгіленді.

Енді сол тарихи нәубетті кезеңге шегініс жасап көрейік. XX ғасырдың басында әлемдегі жер көлемі жағынан бірінші орында тұратын жас мемлекет, Кеңес Одағының барлық жерінде мемлекеттің ұшқары саясаты аса қатал жүргізіліп жатты. Халық аштық пен қудалаудың ауыр азабынан көз ашпады.

Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, Кеңес Одағында 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам Кеңес азаматы қуғын-сүргінге ұшыраған. Солардан Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлер мен қазақ ауылдарына 1,5 миллионнан астам неміс, поляк, корей, шешен, түрік, грек, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударған. Бұлар да қатал тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалығын қазақ халқымен бірге көтерді. Зұлмат заманға қарамастан, барынан айрылған жандар жергілікті қазақ ұлтының көмегі мен қамқорлығына ие болды.

Ал Кеңес үкіметінің қасақана қатыгез саясаты жасаған жаппай ашаршылықтан Қазақстан, Беларусь, Молдавия, Ресей мен Украинаның жазықсыз миллиондаған халқы көз жұмған. Тарихшылардың зерттеуіне жүгінсек, ашаршылық кезінде Украинада төрт миллионға жуық адам өлген. Осылайша Кеңестер Одағында жалпылық сипат алған ашаршылық пен қуғын-сүргін қазақ даласына жеткен кезде нағыз сұрапыл дауылға айналғандай әсер етті.

«Тарихтың 1918, 1921-22, 1931-32 жылдарында үш рет айналып соққан алапат аштықтан қазақ ұлтының қабырғасы сөгіліп, жетпіс пайызы қырылып қалды. Он қазақтың жетеуі өлсе, үшеуінің жаны кірерлі-шығарлы, өлмелі күйге түсті», - деп жазады зерттеу еңбегінде «Ашаршылық құрбандары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамазан Құрманбаев.

Қазақ жеріндегі ашаршылық құрбандарының санының қанша болғандығы туралы деректер әрқилы болып келсе де, аштықтан миллиондап қырылған қазақтардың ауыр тағдыры айдай әлемге аян еді. «Кеңестiк билiктiң алғашқы 1920-1930 жылдарында қазақтар 4 млн-ға жуық адамынан айырылды, олай дейтiнiмiз 1921-1922-жылдардағы аштық кезiнде 1 млн 700 мың адам, 1932-1933 жылдары 2 млн 300 мыңға жуық адам көз жұмғанын айғақтайтын деректер бар», - деп жазады тарихшы Күлпаш Ілиясова өзінің «Ашаршылық ақиқаты» атты мақаласында.

Қазақ өлкесінің Түркістан жерінде 1918 жылдың өзінде-ақ ашаршылықтың орын алғанын тарихи жазбалар айғақтайды. Азамат соғысы тұралатқан Ресейдегі азық-түлік тапшылығын шешіп, қызыл армияны тамақпен қамтамасыз ету үшін халықтың қолындағы бар малы мен азық-түлік күшпен тартып алынған. Осыдан кейінгі жылдардағы аштықтың орын алуы себебі де халықтың қолындағы бар байлықты қасақана тартып алудан басталады. Ақырында осы зұлмат тағдырдан жан сауғалаған, өлімнен аман қалған бір бөлім қазақ аш-жалаңаш көршiлес Қытай, одан әрi Моңғолия, Ауғанстан, Иран және Түркия сияқты елдерге үдере көшуге мәжбүр болғаны мәлiм.

Халық өз тағдырының осылайша шұғыл өзгеріп, аянышты халге кіріптар болуына тікелей биліктің кінәлі екендігін ерте бастан түсінді. Республика аумағында 1929-1931 жж. аралығында ұжымдастыруға қарсы 372 жаппай толқулар мен көтерілістер болып, оған 80 мың адам қатысқан. Мысалы, «Қазақ энциклопедиясында» жазылған деректерде, «Қарақұм көтерілісіне 5000 шаруа қатысты. Оны Орынборда орналастырылған 8-дивизия басып тастады. Созақ жеріндегі көтеріліс - Шебер ұйымдастырушылығымен, табандылығымен ерекшеленеді. Басшысы - Жақыпов. Аудан орталығын басып алып, көтерілісшілер аудан басшыларын өлтірді», - деп жазылған.

Қара халықтың басына қасіретті қайғы әкелген, арнайы жоспарланған түнек саясат ел азаматтарының да қарсылығына ұшырамай қалған жоқ. Аштыққа ұрынған бейуаз халқының мұңлы күйіне қабырғалары қайысқан Алаш қайраткерлері елді аман алып қалудың жолын іздеді. Сол жолда бастарына төнген қауып - қатерге қарамай, аштықтан күйзелген елге көмек беру үшін 1921 жылы 17 тамызда Семейде аштыққа қарсы көмек көрсету комиссиясы құрылды. Оны Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов басқарды. Сол тұстағы олардың орталыққа жолдаған есебінде «аштыққа ұшыраған сәбилерге Семей жерінде 74 балалар үйін ашып, 4381 балаға көмек көрсетілді», - деп баяндалады. Сондай-ақ, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сынды ұлт қайраткерлері де елден жылу жинау арқылы 15 мың малдың басын құрап, оны Торғай, Қостанай аймақтарындағы аштыққа ұшыраған халыққа бөліп береді. Қызылжардағы аштыққа қарсы тұру комиссиясын Мағжан Жұмабаев басқарды. Ғазымбек Бірімжанов басқаратын «Ақ жол» газеті аш халыққа көмек көрсетуге ұйтқы болса, Семейде шығатын «Қазақ тілі» газетінде Міржақып Дулатовтың «Аштық қырғынынан қайтсек құтыламыз» деген мақаласы жарық көреді. Онда «Елді аштық қырғынынан құтқару үшін азамат тегіс атқа міну керек. Қазақ үкіметі аштық үшін күйлі елдерден жылу жинауға рұқсат етсін. Алаштың азаматтары мойындарыңдағы тарихи борыштарыңды өтейтін күн туды!» - деп жазады. Осы қырғынды көрген Ахмет Байтұрсыновтың «Ақ болсын, қызыл болсын бәрі бір. Мен тек қазақ ұлтының мүддесін қорғайтын мемлекетті жақтаймын» дейтін ұлағатты сөзі тарихта қалды.

Сонымен бірге Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Исаев, Сұлтанбек Қожанов, қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш министр Нағима Арықова сияқты көрнектi қазақ зиялыларының елдегі ауыр күйзеліс туралы жазған хаттары Мәскеуге жолданып жатты. Бірақ оған құлақ асқан жан болмады. Тек, билік әуелден көздеген мақсатына қол жеткізген тұста ғана саяси ойынын доғарды. Осыдан кейін өктемшіл үкіметтің халыққа ара түсетін, Кеңес Одағына сенімсіз ұлт зиялыларын қуғындауы қарқын ала түсті.

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін 1928 жылдың ортасында Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Осы кезең аралығында Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесіледі. Сол қатарда 1937 жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының бір топ зиялы қауым өкілдерінің атылғаны белгілі.

Тарихтың ащы сабағы бізге әлсіздіктің бодандыққа ұшырататынын, бодандыққа мойын ұсынудың ақыры ұлтты осындай қасіреті ауыр тағдырға ұрындыратындығын ұғындырды. Сонымен бірге, халық басына зобалаң келген, қиын-қыстау, тар кезеңде ұлты үшін құрбан болған боздақтардың рухына тағзым ету, ерлігін еске алу, үлгі ету ұрпақ парызы екенін де естен шығармауымыз керек.

Мақаламыздың соңын қоғам қайраткері, көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтің түрмеде жазған «Сағындым» атты өлең жолдарымен түйіндемекпіз.

Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

«Қарашығым, құлыным!» - деп зарлаған

Алыстағы сорлы анамды сағындым.

Жатқан үйім - қабырғасы қара тас,

Жарық сәуле, жылы күнге жаны қас,

Ауыр иіс, ылғи қара көлеңке,

Ерте-кеш те, күндіз-түні айырылмас.

Бақытжол Кәкешұлы

Соңғы жаңалықтар