«Наурыз» бағдарламасы: Баспаналы болу үшін 2 млн теңге жинақ жеткілікті ме

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда көптен күткен «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. 31 наурызға дейін жалғасатын науқан аясында мыңдаған отандасымыз жеңілдетілген шартпен баспаналы болуды көздеп отыр. Бағдарламаның қыр-сыры, табыс көзін растау тәртібі және биылғы ерекшеліктер туралы ипотека сарапшысы Ақерке Бодаубекқызы «Jibek Joly» телеарнасының «Bugin.LIVE» бағдарламасында егжей-тегжейлі айтып берді.

Баспаналы болу үшін 2 млн теңге жинақ жеткілікті ме
Фото: Видеодан алынған кадр

Бағдарламаның шарты бойынша, несие мөлшерлемесі — 9%, ал халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін — 7%. Өтінім беру үшін «Отбасы банктегі» шотта кемінде 2 млн теңге жинақ болуы шарт. Алайда сарапшының айтуынша, бұл қаражат тек конкурсқа қатысуға ғана мүмкіндік береді.

— Көп азаматтар 2 млн теңге болса жеткілікті деп ойлайды. Бірақ конкурстан өткен соң, үй құнының 20%-ын толтыру қажет. Мысалы, 30 млн теңгеге үй алсаңыз, шотыңызда 6 млн теңге болуы тиіс. Егер баспана жөндеусіз (черновой) болса 20%, ал жөндеуімен (чистовой) болса 10% бастапқы жарна талап етіледі. Сонымен қатар, Наурыз бағдарламасының артықшылығы — жөндеу жұмыстарына үй құнының 10-15%-ы көлемінде қосымша қаражат шығарып алуға болады, — дейді Ақерке Бодаубекқызы.

Баспаналы болу үшін 2 млн теңге жинақ жеткілікті ме
Фото: Видеодан алынған кадр

Сарапшының айтуынша, бағдарламадан өту мүмкіндігін арттыратын басты фактор — банктегі жинаққа түсетін сыйақы мөлшері. Неғұрлым қаражат ертерек және көбірек жиналса, балл соғұрлым жоғары болады. Сонымен қатар, табыс көзін растау кезеңінде көптеген азаматтар кедергіге тап болып жатады.

— Табысты растау кезінде әр баланың саны мен қолданыстағы несиелер шығын ретінде есептеледі. Сондықтан ипотекаға өтінім бермес бұрын барлық несиені жауып, жапқаны жөнінде анықтама алу маңызды. Егер биыл өтпей қалсаңыз, қаймықпаңыз. Бағдарлама 7 жылға есептелген, алда әлі 4 жыл бар. Осы уақытты қаржылық сауаттылықты арттырып, ақша жинауға арнаған жөн, — деп кеңес берді маман.

Сондай-ақ, «Наурыз жұмыскер» бағыты бойынша 8000-нан астам кәсіп иелері мен белгілі бір ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) кодтары бар мекеме қызметкерлеріне де жеңілдіктер қарастырылған. Бұл тізімді банктің ресми сайтынан тексеруге болады.

Мемлекет тарапынан бұл жобаға жылына 300 млрд теңге бөлініп отырады. Бұл дегеніміз жыл сайын кемі 12 мың отбасы өз үйінің кілтін алады деген сөз.

Айта кетейік, бұған дейін, Отбасы банкке осал санаттарға көңіл бөлу тапсырылған еді.