Наурыз мейрамы түріктер үшін әдет-ғұрыпқа, ырымға толы – Шабан Айдоғду
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Түркі халқы үшін Наурыз мейрамының орны ерекше. Түбі бір түркі жұрты көктем мерекесін жыл бастауы, жаңару мен жандану мейрамы деп біледі. Ұлыстың ұлы күні ортақ болғанымен әр ұлттың бұл күні паш ететін өз әдет-ғұрпы, дәстүрлері бар. Петропавлға жұмыс бабымен үш жыл бұрын келген Шабан Айдоғду жерлестерінің Наурызды қалай тойлайтынын айтып берді. Ол «Білім-инновация» мектебінде келісім бойынша мұғалім болып еңбек етіп жатыр.
Наурыз мейрамын түрік халқы атап өте ме? Түркияда қалай тойланады? Ерекшілігі неде?
Наурызды түрік халқы да атап өтеді, тарихы тереңде жатқан мейрам, Селжүктер кезінде де, Осман мемлекеті тұсында да тойланған. Ұлттық мейрам. Маниса деген, түріктердің атақты қаласы бар, оны «Ханзадалар ордасы» деп те атайды. Себебі, бұрын Осман ханзадалары мемлекеттің тізгінін қолға алмай тұрып, Маниса қаласын басқарумен тәжірибе жинайтын болған. Мұнда көнеден келе жатқан әдет-ғұрыптар қолданылады. Соның бірі - «Мәсир» деп аталатын тәтті тағам. Бұл қазақтың наурыз көжесі іспеттес. Ерекшелігі – «Наурузия» деген дәрілік шөптерден жасалған, емдік қасиеті зор, мейрамға арнайы әзірленеді.
Тағы бір ерекшілігі – түріктер наурызды 21-і күні тойлайды. Наурызды, сондай-ақ көктемге аман-есен жеткеніміздің белгісі ретінде атап өтеді. Әсіресе қалаларда мейрам сән-салтанатымен, думандатып өтеді. Арнайы «Мәсир» әзірленіп, оны бүкіл халыққа таратады. Бұл дәстүріміз атадан балаға келе жатыр.
Мейраммен байланысты тағы қандай рәсімдер бар ?
Наурыз мейрамы әдет-ғұрыпқа, түрлі сенімдерге толы. Көктем мерекесін, әсіресе Анадолыдағы халық ерекше атап өтеді. Мерекеге дайындық бір апта бұрын басталады. Тұрғындар аулаларын жөнге келтіріп, үйлерін тазартып, сыртын әктейді. Тамақтарын дайындайды. Үйге қонақ шақырады. Қала сыртына шығып, сейіл құрады. Ол жерге әткеншек құрып, әдетте үлкен от жағады. Оттың үстінен сол жердегі бүкіл адам секіріп өтеді. Оттан секіру арқылы бүкіл жамандық атаулыдан тазарамыз деп сенеді.
Тағы бір дәстүр – жігіттердің бетіне күйе жағуы. Оны кейін міндетті түрде өзенге барып жуу немесе шомылу керек. Кішірек өзен, арық болса соның үстінен секіріп те өтеді. Бұл да тазарудың белгісі.
Жалпы, әдет ғұрыптардың басым бөлігі жамандық, қиыншылық, күнәдан арылуға негізделген.
Қазақтардағы секілді наурызда міндетті түрде жаңа киім кию дәстүрі бар.
Қайтыс болып кеткен ата-баба, әке-шеше моласына барып, айналасын тазартады, олардың рухтарына құран бағыштайды.
Жүгіру, күрес сияқты спорттық ойындар да ойнатылады.
Дастарханға тағы қандай дәстүрлі тағамдар қойылады, неліктен?
Наурызда дастарханға жеті түрлі тамақ дайындап қою міндет. Осылайша шаңыраққа молшылық, береке шақырады. Ол жеті тағам әр қалада әртүрлі әзірленеді. Бұдан бөлек алдын ала бір ыдысқа арпа мен бидайды наурызға көгеріп шығатындай етіп егеді. Оны «семен» деп атайды. Бұл да наурызда дастарханға қойылып, алдағы жылдың берекелі болуына жасалатын ырым.
Бұл күні жұмыртқа пісіріліп, ол түрлі түске боялады. Бұл рәсім тек қана Наурызда жасалады. Балалардың, жастардың арасында сол боялған жұмыртқаларды тоғыстыру дәстүрі бар. Кімнің жұмыртқасы жарылмай, жеңімпаз болса, соған сыйлық беріледі.
Қазір Қазақстанда Наурыз мейрамын қалай атап өтесіздер? Қандай рәсімдерді қолданасыздар?
Қазақстанда жеке ұлт болып Наурыз мейрамын атап өтпейміз. Петропавлда тұрып жатқан түріктер аз. Бірге жұмыс істеп жатқан әріптестер, достармен араласып, бәріміз бірге мерекелейміз. Біздің мектеп жылда киіз үй құрады, бауырсақ пісіріп, түрлі ұлттық ойындарды ойнату дәстүрге айналған.
Наурызға қандай тілегіңіз бар ?
Қазақстан халқына береке-бірлік, тек қана жақсылық тілеймін. Түрік халқымен достығы мәңгі болсын, нығая берсін!
Рахмет!