Жаңғырту жобасы: Алматыдағы Наурызбай ауданы электр желілерінің тозуы 30% төмендетілмек
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуде электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту аудандағы инженерлік инфрақұрылымды дамытудың маңызды міндеті екенін айтты.

Шаһар басшысының сөзінше, ауданның электр желілерінің 85%-ы толығымен тозған, сондықтан жарық жиі өшіп қалады. Ауданды тұрақты электрмен қамтамасыз ету үшін 2021 жылдың қыркүйегінде мердігер ұйым Ақжар, Қарағайлы, Құрамыс, Рахат, Таусамалы және Шұғыла шағын аудандарында электр желілерін жаңарту жұмыстарын бастаған болатын. Алайда сол жылдың қараша айында жобаның қымбаттауына байланысты жұмыс тоқтатылды. 2023 жылдың маусымында түзетулерден кейін жұмыс қайта жанданды.

Жоба аясында жоспарланған 1231 тіректің 854-і орнатылып, 11,2 км электр желілері жаңғыртылды. Қосымша 26 трансформаторлық қосалқы станция орнатылады. Жұмысты биыл қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Соның нәтижесінде желілердің тозуы 30 пайызға төмендейді.

«Алатау Жарық компаниясы» АҚ желісі бойынша 17 трансформаторлық қосалқы станция мен 98 км электр желісіне күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы 54 трансформаторлық қосалқы станция мен 150 км электр желілері жөнделеді.
«Жыл басынан бері сапалы сыртқы жарықтандырумен қамтамасыз ету үшін 20 шақырымнан астам әуе және кабель желісі мен 2530 шам ауыстырылды. Жыл соңына дейін тағы 3 шақырым кабель желісін жаңғырту, сондай-ақ 3 мың шам мен 50 жарықтандыру тірегін ауыстыру көзделген. Сонымен қатар, жыл соңына дейін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аудандағы жарық орнатылмаған қалған 35 көше мен тұйық көшелерге сыртқы жарықтандыру желілерін жүргізу жоспарға енді», – Алматы әкімі Ерболат Досаев.