Наурыз көжедей араласып, дәмді қатынаста болайық
Наурыздың тағы бір символы ретінде «наурыз көжені» айтпай кетуге болмас. Қазақ қазақ болғалы еш Наурыз наурыз көжесіз өтпегені ақиқат. Ендеше сол қасиетті дәмнің қалай жасалатынын тағы бір еске салып, шолып өтсек артықтық етпес.
Наурыз көже келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Халықтық дәстүр бойынша оған бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле береді. Соғымнан арнайы сақталған мүшелер (қазы, қарта, шұжық, т.б.) де қосылады. Ол негізінен бидай көже, тары көже секілді әзірленген. Наурыз көжені халық арасында "тілеу көже", "көп көже" деп те атай береді. Наурыз көжеге, наурызға арналып сойылған малдың кәделі асына Наурыз бата берілген соң, жиналған халық "ақ мол болсын" деген тілек айтып тарқасады.
Қазақта наурыз көже әртүрлі дайындалады. Кей өңірде қазан толы сүтті қайнатып, сүт піскеннен кейін оның бетіндегі қаймағын қалқып алып тастайды. Сүт әбден пісуге тақаған кезде, қыс бойы сақтаған сүр етті сүңгітіп жіберіп, 15 минуттай бетін жауып қояды. Аталған уақыт өткен соң жеке ыдысқа пісіріп алған бидай, жүгері, тары, асбұршақ, күріш тәрізді қоректік заттардың жеті түрін сүт пен етке араластырып тағы бір қайнатады. Осылайша наурыз көже дайын болады. Бұл наурыз көжеге су қосуға әсте болмайды. Көже қою болып кетсе айран немесе сүт қосып сұйылта аласыз.
Ал кейбір өңірлерде кәдімгі суға ет асып, ет пісуге таяған кезде күріш, бидай, жарма сияқты жоғарыда аталған дәнді дақылдарды салып, пісіре береді. Бұнда да 7 деген киелі санға жүгінеді. Көже піскен соң қатық немесе айран сияқты ақ тағам қосып, дәмі тіл үйірер наурыз көже дайындалады. Мұнда көжеге су қосудың да мәні бар. Ол - өмір өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тасысын дегені болса керек. Су - тіршілік көзі. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұлағатты айтқан халық «Судың да сұрауы бар» деп, келер жылдың барлық молшылығын тек сумен байланыстырған.
Әлбетте, наурыз көжеге белгілі бір тағам түрін қосу керек деген арнайы нұсқау жоқ. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Тіпті кейде көкөністер де, жемістер де қосатындар бар.
Тағы бір қызықты дерек, бұрынырақта әйелдер үй-үйді аралағанда, өздерімен бірге ыдыстарын көтере жүрген. Ол сол ыдысына әр үйден көже құйып алып, өз үйінің қазанындағы көжеге қосқан. Бұл дәм-тұзымыз ажырамасын, ынтымақ-бірлігіміз нығайсын, көже секілді мидай араласып, көжедей дәмді қатынаста болайық, біріміздің ырысымыз бірімізге жұғысты болсын деген үлкен ұғымды білдірген екен. Сонымен қатар, үй иесі қонағына көжені ыдысқа толтырып құйып береді, бұл - «жаңа келген жылдан несібесі ортаймасын» деген түсінік. Әрі сол құйылған көжені тауысып ішу керек, әйтпесе ырзығы кем болады дейді.
Біздің наурыз көжемізге ұқсас тағам ежелгі парсылықтарда да болған. Олар оны «сумалак» деп атаған. Оған да жеті дән қосылып, келген қонақтарға тартылған.
Тарихқа үңілсек, әлемдегі әр халық Жаңа жылдың басын әр уақытта атап өткен. Ежелгі халықтар негізінен Жаңа жылды табиғат жаңаруымен, яғни жер ұйқыдан оянғаннан кейін, көктем келуіне байланысты атаған. Бұл наурыз айына тура келіп отырған. Көне яхудилердің таным-түсінігінде де Жаңа жыл "авив" айы, яғни наурыз айының соңы, сәуірдің басы болатын. Ал ежелгі гректер мен Рим империясында да жаңа жыл басы - Наурыз еді.