Наурыз - табиғаттың қайта түлеп, жаңаратын кезі
АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Екі күннен соң Қазақстан халқы жақсылықтың, қуаныштың, жаңарудың бастауы ретінде атап өтілетін ұлық мерекелердің бірі - Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын мерекелеуді бастайды.
Жүздеген жылдар бойы қазақ халқымен бірге жасасып, ұлттымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпының ажырамас бөлігіне айналған Наурыз мерекесінің орны әрине ерекше. Наурыз мерекесі күні - қасиетті күн. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған. Наурыз - Күн мен түн теңелетін күн, төрт түлік мал төлдейтін ай. Осы айда табиғаттағы барлық тіршілік иелеріне жан біте бастайды. Қыстың соңы, көктемнің басы жыл құстары келе бастайды. Сол себептен де болар табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Наурызды шығыс халықтары бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде атап өтеді. Бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Осы күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның барлығы әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегеге, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баурайды. Наурызды халқымыздың асыға күтетіні осы себептен болса керек.
Наурыз мерекесін атап өту дәстүрі бойынша, патшалар өз тағы мен билігін наурызда бір күн кедей-кепшікке беретін болған. Ұлыстың ұлы күнінде жұмыс істелмейді, іс басталмайды, ешкімді ешкім ренжітпейді, біреуге-біреу дауыс көтеріп, болмаса жаман сөз айтпайды. Шарап ішілмейді, құрбан шалынбайды. Халқымыз наурызда даланы Қызыр ата аралайды деп үйінің есігін ашып отырған. Жастар үлкен кісілерден бата сұрайды, жігіттер қыздарға сый-сияпат жасайды. Ренжісіп қалған азаматтар бір-бірінен кешірім сұрайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Бұл күнді қарсы аларда халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырып, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтқан. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі - қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы - жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады.
Міне, адам бойындағы ең бір асыл қасиеттерді үлгі ететін, осындай керемет мерекемізден бір кездері ажырап та қала жаздағанбыз. Кеңес Одағы кезіндегі тоталитарлық режим діни мереке деген сылтаумен Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтуге тыйым салды. Наурыз мемлекеттік деңгейде атап өтілмеді. Сөйтіп, ұлық мереке тек отбасында ғана атап өтілетін қарапайым ғана мерекелердің біріне айналды. Осылайша солақай саясаттың кесірінен Наурыз мерекесімен байланысты жақсы дәстүрлер мен игіліктер де бірте-бірте халық жадынан өше бастады. Наурызды тек қазағы басым ауыл халқы болмаса, қалалық жерлерде мүлдем тойламайтын да болды.
Десек те бұл мерекенің орны халқымыз үшін ерекше. Біздің көптеген салт-дәстүрлеріміз осы мерекемен байланысты. Сондықтан да болар, Наурыз еліміз егемендігін алған күнге де жетті. Әрине наурыз тек қазақ халқының ғана мерекесі емес. Ол бүкіл шығыс халықтарының мерекесі. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер "патрих", бирмалықтар "су мейрамы", тәжіктер "гүл гардон", "бәйшешек", "гүлнаурыз", хорезмдіктер "наусарджи", татарлар "нардуган", буряттар "сагаан сара", соғдылықтар "наусарыз", армяндар "навасарди", чуваштар "норис ояхе" деп түрліше атаған.
Десек те дәл бүгінгідей егемендігімізді алып, «өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып» өз алдына жеке дербес мемлекет болған кезімізде ұлық мерекемізді, онымен байланысты игіліктерді кеңінен насихаттауымыз керек-ақ. Өйткені Наурыз табиғаттың қайта тіріліп, түлеп, жаңаратын кезі. Сондықтан ол табиғат мерекесі де. Наурызды атап өту салтында ағаш отырғызып, үйдің айналасын тазалап, қоршаған ортаны ретке келтіру дәстүрі бар. Осы тұрғыдан алғанда Наурыздың тәрбиелік мәні де ерекше. Қорыта айтқанда, Наурыз - шын мәніндегі ұлық мереке. Наурыз туралы шығыстың данышпандары Махмұд Қашқари, Омар Хайямнан бастап қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин сынды ұлт қайраткерлері де көптеген дүниелер жазып қалдырған. Бұл турасында философия ғылымының докторы, профессор Алтай Тайжанов былай дейді: «Біз мұсылмандық Шығыс халықтарының наурызды қалай тойлағандықтары туралы алғашқы деректер мен мәліметтерді Бируни, Омар Хайям еңбектерінен табамыз. Бұл күнді көне түріктер түгелдей атап өткендігі туралы деректерді Әлішер Науаи, Махмұт Қашқари, Ибн Фадлан, т.б. еңбектерінен кездестіреміз. Онан кейін ақын-жыраулар дәуіріндегі ауыз әдебиетінің нұсқаларында кездеседі. Ал, бергі замандарда Абайда бар. Оның «Жазғытұры» өлеңі осы наурыз бен сәуір айының суреттерін береді. Ол Ыбырайда да бар. Жаңа заманда, дәлірек айтқанда, ХХ ғасырда бұл күнге көптеген қазақ зиялылары да көңіл аударған. Олар - Мұхаметжан Сералин, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, тағы басқа әдебиет пен мәдениет, ғылым салалары өкілдері. Наурызды жырлау, «Ұлыстың ұлы күні» деп ұлықтау еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін де үдей түспесе, кеміген жоқ»,-дейді ғалым.
Әрине тәуелсіздік жылдарында Наурыз мерекесін жаңғырту үшін қолға алынған іс аз болған жоқ. Бүгінде Ұлыстың ұлы күні елімізді мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың басын қосқан, ұлтаралық келісім жарасым тапқан, ел бірлігіне үндеген бүкілхалықтық мерекеге айналды. Наурызды республика деңгейінде атап өтетін болдық. Онда ұлттық ат спорты түрлерінен, қазақ күресі, арқан тарту, бағанға өрмелеу, жүлде алу секілді жарыстар ұйымдастырылып, дастарқан жайылып, наурыз көже дайындалып, ұмыт бола бастаған көптеген дәстүрлеріміз жаңғырды. Осы бағыттағы жұмыстардың арасында ерекше атап өтетіні - 2009 жылдың 4-ші наурызы күні Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгеріс енгізуді көздейтін заң жобасын мақұлдады. Кейін Сенат талқылауынан өтіп, қабылданған заңға Қазақстан Президенті қол қойды. Сол заңға сәйкес мемлекеттік мереке Наурыз мейрамы бір күннің орнына үш күн бойы, яғни, 21-22-23 наурыз күндері мерекеленетін болды. Бұл халқымыздың ерекше қуанышпен қарсы алған жағымды жаңалықтарының бірі болды. Қалай десек те наурыз мерекесінің орны қазақ халқы үшін маңызды. Ендеше дәстүрлі мейрам алдағы уақыттарда да халқымызбен бірге жасасып, біте қайнаса бермек.