Назарбаев Дональд Трампты сайлаудағы жеңісімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампқа Америка Құрама Штаттарының 45-ші Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Назарбаев Дональд Трампты сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Д.Трампты құттықтап, биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толатынын атап өтті.

«Сіздің басшылығыңызбен Америка Құрама Штаттары дүние жүзінде тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтау және өсіп-өркендеу жолында тірек болып қала беретініне сенімдімін», - делінген жеделхатта.

Елбасы Қазақстанның 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болуы әріптестігіміздің маңызды кезеңіне айналатынына сенім білдірді.

«Біз Кеңес жұмысына елеулі үлес қосып, АҚШ-пен барлық өзекті мәселелер бойынша өзара тиімді іс-қимыл жасауға әзірміз», - делінген жеделхатта.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампқа табыс тілеп, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.