Назарбаев Орталығында «Скифтердің алтын мұрасы» атты көрме ашылды
АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана тұрғындары мен қала қонақтары назарына Президент Н. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында табылған ғажайып алтын раритеттер ұсынылады. 2004 жылы бағдарламаның жүзеге аса бастаған кезінен бері 40-тан астам археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде ата-бабаларымыздың тарихынан сыр шертетін мыңдаған артефактілер ғылымды байыта түсті.
Көрменің ең басты әрі құнды жәдігері - «Алтын адам». 1969-1970 жылдары Алматы маңындағы Есік қорғанынан археолог-ғалым Кемал Ақышевтың басқаруындағы экспедиция жұмысының нәтижесінде табылған «Алтын адам» скиф-сақ дәуіріне тән «аң стиліндегі» технологиясы жоғары бұйымдарды жасаудың жарқын үлгісі саналады. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның басты символдарының біріне айналды.
Алтын және бағалы металдар Мемлекеттік музейі «Алтын адамның» киім элементтерінің көшірмесін ұсынды. Жауынгердің киімінде жануарлардың нақышымен: жолбарыс, бұлан, қар барысы, жылқы, арқар, бүркіттердің үлгісімен бейнеленген төрт мыңнан астам алтын қаптама мен пластиналар бар. Металл өңдеудің түрлі әдістерін қолдану, яғни құйма, соғу, қалыптау, шекіме, түртпе, сіркелеу, бедерлеу және оймалау әдістері байырғы скифтердің зергерлік өнері биік деңгейде болғанын танытады. Сақ жауынгерінің алтын әшекейлері б.з.д. V-ІV ғасырларға жатады.
1993 жылы Новосібір археологтары Пазырық қорғандарынан әйел мен еркектің мумияларын тапты. Жәдігерлер алтайлық аң стилінде дайындалған. Сол құнды жәдігерлер «Скифтердің алтын мұрасы» залына қойылды.
Сондай-ақ, келушілер Солтүстік Үстірттегі (Хорезм-Еділ) Қызыл - Уық ғибадатханасынан және Берел қорымынан табылған б.з.д. V-III ғасырларға жататын сақ кезеңінде темірден соғылған бірегей артефактілерді көре алады.
Көрме ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен Назарбаев Орталығы, Алтын және бағалы металдар Мемлекеттік музейінің ұйымдастыруымен өтті.
Назарбаев Орталығы директорының ғылыми-гуманитарлық жұмыс жөніндегі орынбасары Лейла Махат пен Алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайының директоры Алмаз Нұразхан салтанатты шараның жібек жібін кесті. Шараға Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің тарихи-мәдени мұра басқармасының бастығы Болат Молдашев, ҚР Ұлттық мұражайының директоры Дархан Мыңбай және Жапония, Индия, Ресей мемлекеттерінің елшілері мен қатар Еуроодақ өкілдері қатысты.
«Алтын және бағалы металлдар мемлекеттік мұражайы 1992 жылы Алматыда Үкіметтің қаулысымен құрылған болатын. Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында мұражай қызметкерлері көп еңбек жасады. Мұражайға Есік қаласынан табылған «Алтын адамның» түпнұсқасын алып келді. Ел аралап жүріп, өзінің қорын көбейтті. Бүгінде бұл жерде 5-6 мың экспонат бар. Шіліктіден, Берелден Қарағанды облысынан табылған раритеттер Қазақ елінің құнды жәдігерлері болып табылады. Алдағы уақытта Алтын және бағалы металдар мемлекеттік мұражайының коллекциясында тұрған жәдігерлер таяу болашақта ашылатын Қазақ ұлттық мұражайында халыққа тағы бір мәрте паш етіледі», - деді Б. Молдашев.