Назарбаев Университетіне түсу ережелері өте ашық - Университет ректоры Шигео Катсу

ТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Қазақстандық студенттер елден жырақтамай-ақ, әлемдік стандарттарға сай білім алу үшін 2010 жылы Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен заманауи ғылымның перспективалы негізгі салаларын қамтыған жаңа жоғары оқу орны ашылды. Көпшіліктің ұсынысымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің есімімен аталған - Назарбаев Университеті елімізде бәсекеге қабілетті білім беру жүйесін қалыптастыру мақсатын көздейді.

Назарбаев Университетіне түсу ережелері өте ашық - Университет ректоры Шигео Катсу

Елбасы атап көрсеткендей, УниверситетҚазақстанның келбетін өзгертетін 21 ғасыр ғалым-мамандары буынын - жаңа элитаны даярлауды жүзеге асырады. Назарбаев университетінің алғашқы жылының нәтижесі және болашақ жоспарлар туралы Агенттігіміздің тілшісіне университет ректоры Шигео Катсу айтып берді.

- Шигео Катсу мырза, 2010 жылдың күзінде Назарбаев Университеті алғашқы студенттерін қабылдады. Бірінші оқу жылының нәтижелері қандай?

- Студенттеріміз жуырда Лондон Университеттік колледжінің Foundation бағдарламасы бойынша бір жылдық оқу курсын аяқтады. Қазір шешуші емтихандардың нәтижелерін күтудеміз. Сондықтан әзірше ешқандай академиялық қорытынды жасай алмаймын.

«Foundation бағдарламасы студенттерге не береді және неліктен оған оқуларының бір жыл уақытын жұмсады?», деген сұраққа жауап беру үшін, бағдарлама туралы кеңірек айтып өтейін. Шет елдердің денінде оқушылар мектеп қабырғасында 12-13 жыл оқиды. Қазақстан 12-жылдық білім беру жүйесіне енді аяқ басып отыр. Сондықтан, Foundation бағдарламасының басты мақсаты - Назарбаев Университетінің студенттерін халықаралық стандарттарға сәйкес толық жоғары білім алу процесіне дайындау. Онымен бірге біз осы бағдарлама арқылы қазақстандық талапкерлер қандай қиындықтармен кездесетінін көре аламыз. Мысалға, өткен оқу жылында қазақстандық оқушылардың физика, химия және биология пәндерінен лабораториялық жұмыстарды жүргізуге практикалық дағдыларының тапшылығын көрсетті. Бірақ онымен бір мезгілде, олардың теориялық жағынан білімдері жоғары екендігін атап өткім келеді. Екіншіден, Назарбаев Университетінде білім беру ағылшын тілінде жүзеге асырылады. Сондықтан, осы тілді тереңірек оқытуға жіті назар аударылады. Яғни, ол халықаралық стандарттарға сәйкес - зерттеу жұмыстарын қағаз бетіне түсіру, сілтемелерді дұрыс қою және сыни тұрғыдан ойлауды дамыту. Жалпы айтқанда, оқытушылар Foundation бағдарламасы бойынша білім нәрін жаңа жолдармен, жаңа әдіс-тәсілдермен сусындатады. Студенттер тапсырған емтихандардың нәтижелері - Foundation бағдарламасының да көрсеткіші. Өткен оқу жылы барлығымыз үшін - алғашқы болды. Осы жылдың ішінде біз де, серіктесіміз де көпке үйрендік деп ойлаймын. Былтыр біз расында өте дарынды талапкерлерді қабылдадық. Биылғы талапкерлердің дайындық деңгейі де былтырғыдан кем емес, мүмкін одан да асар, оны уақыт көрсете жатар.

Foundation бағдарламасын бітірген студенттеріміз енді келесі жылдан бастап таңдаған мамандықтары бойынша оқуларын бастайды.

- Университетте биыл жаңадан қандай факультеттер ашылады?

- Биыл Назарбаев Университеті жаңа үш факультетке қабылдауды бастайды. Атап айтқанда, олар - инженерия мектебі (серіктесіміз - Лондон Университеттік колледжі, Ұлыбритания), ғылым және технологиялар мектебі (серіктесіміз - Карнеги Меллон университетінің Ай-Карнеги бөлімшесі, АҚШ), әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі (серіктесіміз - Висконсин Мэдисон университеті, АҚШ). Студенттер аталмыш факультеттерге таңдаған мамандықтары және көрсеткен білімдері бойынша түседі.

- Алғашқы студенттердің жоғары білімін атап өтіп жатқаныңыз қуантады. Бірақ, естіген құлақта жазық жоқ. Назарбаев университетінде кілең шенділер мен шекпенділердің балалары оқиды дегенді жиі естиміз.

- Иә, ашылғанымыз кеше ғана болса-дағы, өкінішке қарай, Назарбаев Университетінде тек қана дәулетті отбасылардан шыққан балалар оқиды деген қате стереотип қалыптасып үлгерді. Біз бұл стереотипті бұзуымыз керек. Себебі, Назарбаев Университетінде оқуға қабылдану шарттарынан еш мүдірмей өткен балалар ғана оқиды және олар Қазақстанның барлық 16 аймағынан қабылданды. Олардың денін Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Алматы, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары құрайды. Олардың әлеуметтік жағдайлары да әртүрлі.

- «Тауды биік демеңдер, талаптансаң шығарсың, жауды мықты демеңдер, ерлік қылсаң
жығарсың», - демексіз ғой. Яғни,
Назарбаев Университетіне талаптанса ауылдың қарапайым баласы да түсе алады ғой?

- Өкінішке қарай, мен Қазақстанның орта білім жүйесінің жағдайын сарапшы деңгейінде білмеймін. Бірақ бір нәрсені айқын айта аламын, Назарбаев Университетіне түсу ережелері өте ашық. Біз Ұлттық бірыңғай тестінің нәтижелерімен қабылдамаймыз, талапкерлер ағылшын тілінен және арнаулы пәндерден емтихандар тапсырады. Және бізде ешқандай квота немесе жеңілдіктер жоқ. Онымен бірге, оқуға түсуге әзірліктер алдын ала басталады. Мысалы, бізге оқуға түсуге ниеттенген 11-ші сынып оқушысы күзден бастап талапкерлер тіркеуінен өтуі керек.

Қабылдау шарттарынан өтпей-ақ оқуға қабылдау туралы заңсыз ұсыныстардың куәсі де болғанымды жасырмаймын. Осы сұхбат арқылы университетімізде оқуға қабылдау рәсімдері ашық екендігін тағы бір қадап айтқым келеді. Оның үстіне, университет жұмысшылары қабылдау процесіне еш әсер ете алмайды.

Ауылдық жерлердегі талапкерлерді тілге тиек еттіңіз, әрине, жалпы конкурс бойынша тиісті емтихандарды тапсыру арқылы олар да Назарбаев Университетіне оқуға түсе алады. Бұл жерде мүмкін, ауылдық жерлердегі мектептердің білім деңгейін көтеру мәселесі туралы ойлану керек шығар. Мен бұл сұраққа жиі кезігемін. Жуырда осы мәселе бойынша пікірталасқа қатыстым және Қазақстанның ауылдық елді мекендерінде көп дарынды балалар барын естідім. Мүмкін, ауылдан келген балаларға университетімізге түсу мүмкіндігін жоғарылату керек шығар. Бұл назарға алынуы тиіс мәселе. Назарбаев Университетіне түсуді қиындататыны - балалардың ағылшын тілін жетік білмеуі. Әрине, біз мектебімізде дарынды балалардың оқығанын қалаймыз. Талантты математиктерді, физиктер мен биологтарды ағылшын тілін білмегендігі үшін жоғалтып алсақ, ол - үлкен өкініш. Қазір осы проблеманың түйінін тарқату мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып жатырмыз. Мүмкін, келешекте ағылшын тілін үйрету бағдарламаларын іске асыруға қосылып қалармыз.

- 2011 жылдың 15 маусымынан бастап Назарбаев Университеті мен Тұңғыш Президенттің есімін иеленген зияткерлік мектептер дербес білім беру ұйымдары деп атала бастады. Бұл дербестік Сіздерге не береді?

- Университетіміздің дербестік қағидаттары «Назарбаев Университеті», «Назарбаев
Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» ҚР Заңында айқын жазылып, көрсетілген. Иә, Назарбаев Университетінің заңды мәртебесі - дербес білім беру ұйымы деп өзгертілді. Бұл дегеніміз - Назарбаев университеті бұдан-былай білім беру бағдарламасында ҚР Білім және ғылым министрлігінің стандарттарын пайдаланбай, өз стандарттары бойынша жұмыс жасайды деген сөз. Яғни, академиялық еркіндік алдық. Ал университетте ұйымдастыру және басқару мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау Қамқоршылық кеңестің құзырына берілді. Әрине, біз қазір дамудың алғашқы сатысындамыз. Қазіргі уақытта Қамқоршылық кеңес мүшелерінің денін Үкімет, ұлттық және мемлекеттік органдардың өкілдері құрайды. Уақыт өте келе оның құрамын кеңейтуді көздеп отырмыз. Оған халықаралық академиялық салада танымал және академиялық еркіндік қағидатын ұстанған білім ұйымдарының өкілдерін шақырмақ ниеттеміз. Академиялық еркіндік дегеніміз не? Ол - профессорлық-оқытушылар құрамын жұмысқа шақыру шарттарын еркін бекіту, халықаралық серіктестерді іздеу, оқу бағдарламаларын өздігімен құрастыру. Әлемге танымал озат университеттерді алып қарасақ, олардың бәрі біріншіден - дербес, екіншіден - академиялық еркіндік қағидатын ұстанып отыр.

- Университетте 4 ғылыми орталық бар. Сол орталықтардың жұмысы туралы айтып берсеңіз.

- Назарбаев Университетінде жұмыс істейтін 4 ғылыми орталықтың - Энергетикалық зерттеулер орталығы, Халықаралық пәнаралық инструментальдық орталық, Өмір туралы ғылым орталығы мен Білім беру саясаты орталығының әрқайсысының халықаралық серіктесі бар. Себебі, бүгінгі күні өз қазаныңда пісіп, басқалардан дараланып зерттеу жұмыстарын жүргізе алмайсың. Қазір ғылым тек ғаламдық түрде ғана дами алады. Орталықтардың мақсаты - халықаралық әріптестермен бірлесіп ғылыми зерттеулер өткізіп, жоғары технологиялық жаңа өнімдерді шығару, оларды нарыққа әкелу. Мысалға, Энергетикалық зерттеулер орталығы жаңартылатын энергетика, физика және жоғары энергиядағы техника, энергетика және оның қоршаған ортаға және ауа райына ықпалы салаларында жобаларды арттырып отыр. Бұл орталықтың басты міндеті - Қазақстан Республикасында қазіргі заманға сай және қолжетімді энергетикалық технологияларды әлемдік жетекші ғылыми орталықтармен және компаниялармен бірлесіп әзірлеу және коммерцияландыру.

Ал Халықаралық пәнаралық инструменталдық орталықтың мақсаты - ерекше қымбат тұратын талдау жабдығын тиімді пайдалану, пәнаралық іргелі және қолданбалы зерттеулерді өткізу. Бұл орталықтың базасында жоғары технологиялық бірнеше зертхана ашылуда. Зертханалар физика, химия, материалтану, биология, техника және медицина сынды пәнаралық бағыттарды қамтиды. Менің ойымша, қазір жаһанда пәнаралық зерттеулер алдыңғы орынға шығып отыр. Себебі, ғылым күрделенген ХХІ ғасырда жалғыз физика немесе химия саласында зерттеу жасай алмайсың. Бүгінгі зерттеулердің көпшілігі ғылыми түрлі салалардың мамандарын біріктіреді.

Білім беру саясаты орталығының басты мақсаты - шет ел мемлекеттерінің білім беру жүйесін зерделеу және озық тәжірибелермен алмасу, сараптамалық және әдістемелік материалдар дайындау.

Өмір туралы ғылым орталығы жұмысының негізгі мақсаты - ғылыми қызметкерлерді даярлау, трансляциялық биомедицинаны дамытуға инвестицияларды ұсыну арқылы сапалы медициналық қызметтерді көрсету. Яғни, Қазақстанда бәсекеге қабілетті биомедициналық саланы құру болып табылады.

Қазіргі уақытта барлық орталық өздерінің басты жобаларын бекітіп, оларды қаржыландыру да басталып кетті. Мысалы, Өмір туралы ғылым орталығы ұсынған 5 жобаға Үкіметтен 620 миллион теңге бөлінді. Орталықтың зертттеулері негізінен адамның денсаулығы мен өмірінің ұзақтығын арттыруға бағытталған.

Болашақ жоспарлар туралы айтатын болсам, алдағы жылдары Әлеуметтік зерттеулер жөніндегі орталықты ашу көзделіп отыр. Ал 2014 жылы Медициналық мектеп ашылмақ. Оның жұмысы өзімізге еншілес - Ұлттық медициналық холдингтің клиникаларын тарту арқылы жүзеге асырылатын болады.

- Мазмұнды сұхбатыңызға рахмет! Атқарып жатқан жұмыстарыңыз жемісті болуына тілектеспін.

- Сізге де үлкен рахмет! Назарбаев Университетіне көпшіліктің назар тігіп отырғаны біз үшін құрмет, екінші жағынан, бұл - үлкен жауапкершілікті жүктейді. Дегенмен, университет тауар шығаратын зауыт емес - оқу орны. Ал мықты жоғары оқу орнын құру бір жылдың жұмысы емес. Онымен бірге, университеттің деңгейі - ондағы студенттердің, оқытушылардың, басқа да мамандар мен зерттеушілердің жұмыла атқарған еңбектерінің арқасында ғана көтеріледі. Осы ойымды жеткізерсіз деп үміттенемін. Сенімділік пен қолдау көрсетіп отырған барша қазақстандықтарға университет атынан үлкен алғысымды білдіремін.