Назарбаев университетінің студенттері «жасотандықтардың» қатарына өтті
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы Назарбаев университетінің 50-ге жуық студенті «Нұр Отан» ХДП-нің «Жас Отан» жастар қанатының қатарына өтті.
Соған орай, бүгін, «Нұр Отан» ХДП-нің хатшысы Қайрат Сатыбалды «Жас Отан» қатарына өтуге ниет білдірген ынталы 48 студентке ұйымның мүшелік куәліктерін табыстады. «Нұрсұлтан Назарбаев елдегі билік партиясы болып табылатын «Нұр Отан» партиясының алдағы 10 жылда атқаруға тиісті жұмыстарын анықтап берді. Мемлекеттің жетекші партиясының құрамына ене отырып, алдымызға қойылған межені орындауға атсалысуларыңыз арқылы сіздер - жастарға үлкен көңіл бөліп келе жатқан мемлекетке ризашылықтарыңызды білдіресіздер», - деді Қ. Сатыбалды.
«Жас Отан» ЖҚ-ның атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешевтің айтуынша, университет қабырғасында «Жас Отанның» бастауыш бөлімшесі құрылған.
«Жас Отан» ЖҚ-ның негізгі міндеттері - жастар арасында азаматтық, патриоттық ортаны қалыптастыруда белсенді атсалыса отырып, елдегі жастардың жағдайын жақсарту және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шешуге жұмылдыру бойынша іс жүзіндегі қадамдарын іске асыру болып табылады»,-деді Н. Өтешев.
«Жас Отан» қатарына өтіп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Біз, Назарбаев университетінің студенттері еліміздің жарқын болашағына үлес қосатынымызға сенімдіміз. Біздің бірінші бастауларымыз «Жас Отан» ұйымы арқылы болады»,-дейді ұйым мүшелігіне өткен студенттердің бірі Нұрсұлтан Зейнеп.
Оның айтуынша, университет тәлімгерлері Елбасы Н. Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдайтындықтарын, «Нұр Отан» партиясының жастар қанатына қабылдануға ынта білдірген. «Біз Президентті қолдайтынымызды құрғақ сөзбен емес, іспен дәлелдеуге бел будық»,-деп атап көрсетті Н. Зейнеп.