NIS-тің оқушыға қатысты шешіміне құрметпен қарау керек – Аймағамбетов

АСТАНА. KAZINFORM – Назарбаев Зияткерлік мектебінің (NIS) өз оқушысына қатысты қабылдаған шешіміне бағынуымыз керек. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осындай пікір білдірді. 

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыға қатысты шешіміне құрметпен қарау керек – Аймағамбетов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Бұл мәселеге қатысты баға бере алмаймын. Жалпы, осы шешімге де баға беріп жатқан жоқпын. Мектеп деңгейіндегі және оқу орнының құзыретіндегі мәселе болғаннан кейін, оған қатысты ешқандай пікірімді білдірмедім. Атап айтқанда, мектеп шешім қабылдады және осы шешімге құрметпен қараймын. Осы шешім аясында ары қарай жұмыс жалғасады деп санаймын, — деді Асхат Аймағамбетов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, аталған оқиғада мұғалім мәртебесіне нұқсан келді.

— Егер әр баланың тәртіп бұзу әрекетіне көз жұма қарасақ, онда не болады? Сондықтан мектеп тиісті шешімін қабылдады. Мен ол шешімге баға бермеймін. Бірақ академиялық адалдық пен мұғалім мәртебесі бойынша құқық бұзу дерегі болды. Мұғалім мәртебесін қолдап, академиялық адалдық бойынша жағдай жасау қажет, — деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, әлеуметтік желіде қызу талқыланған НЗМ оқушысының мұғалімді балағаттау оқиғасына байланысты бүгін «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин ресми мәлімдеме жасады

Осы орайда ол Назарбаев зияткерлік мектебі өз шешімін өзгертпейтінін атап өтті. Оқушы мектептен шығарылып, мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке ауыстырылды.

Соңғы жаңалықтар