Нәзір, бәсіре, бел көтерер: қайырымдылық садақа берумен шектелмейді
АСТАНА. KAZINFORM – 15 наурыз – Наурызнаманың екінші күні қайырымдылық, мейірімділік пен тату көршілікті насихаттауға арналған. Көшпенділер мәдениетінде өзара көмек пен қамқорлық кез келген қиындықты жеңіп, мақсат-мұратқа жетудің тетігі еді. Осы орайда, жанашырлық пен мейірімділікке мысал болатын бірқатар дәстүрлі салт туралы ақпарат жинақтадық.

Нəзір
Қазақ салтында қандайда бір жаңа іс, игі шаруаны қолға алып, алғаш бастар кезде, ата-баба аруағына арнап құран оқып, нəзір-садақа береді. Жоқ-жітік, жетім-жесірге садақа үлестіреді. Бұл – сол адамның «ата-бабаларымның аруағы қолдап, игі тілегімді Жаратқан ием қабыл қылсын» дегені. Сондай-ақ, көптің ризалығын алып, кəсібімді адал, дұрыс істеймін деген адал ниеті. Мысалы, кен көзі мен байлық қайнарын тапқан адам нәзірді «табиғатты бүлдіремін, Жер-Ананың бетін жаралаймын, əлемді былғаймын, осы қазына-байлықты Жаратқан ием игілігіме бұйыртсын» деген ниетпен береді. Тіпті, адам жаман түс көрсе де садақа береді. Ал садақаға берерлік ештеңесі болмаса, бір тал дəн болса да тауып, құсқа жегізеді.
Пітір
Пітір – Рамазан айында əр отбасы мүшесі əл-ауқаты төмен, кедей, ауру-сырқау, жетім-жесірге міндетті түрде беретін 3 қадақ бидай немесе 3 қадақ бидайдың құнына тең зат, яғни қайыр-садақа. Пітір беру жетерлік мал-дүниесі бар, бай-бақуатты адамдардың ораза айының құрметі үшін жасаған мейір-шапағаты мен қол қайыры есептеледі.
Тасаттық
Ауыр қуаңшылық, оба, зілзала секілді апаттарға ұшырағанда, жалпы халық жиналып Тəңірге жалбарынып, құран оқып, құрбандыққа ортақ мал атайды. Сол құрбандыққа атаған малға «Пəле-қаза осымен кетсін! Жаратқан иеміз риза болсын!» деген ниетпен тас атып, онан соң, оны өзен немесе бұлақ бойына апарып құрбандыққа шалып, оның қанымен суды, жерді қандап Құдайдан жауын тілейді немесе дерт пен зобалаңды басымыздан айықтыр деп жалбарынады.
Зекет
Зекет - əр отбасының мөлшерлі малынан артық мал жəне астық өнімінен əр жылы міндетті түрде жетім-жесір, жоқ-жітіктерге берілетін қол қайыры. Ол алтын-күміс, ақша қоры, сондай-ақ өз қажеттерінен артық мал-дүниеден де белгілі мөлшер, көлемде беріледі. Мысалы, 40 қойдан бір қой, бес түйеден бір түйе, 30 сиырдан бір сиыр, 90 сиырдан үш сиыр, 400 қойдан он қой... Сондай-ақ малға шаққанда, осындай мөлшердегі алтын-күміс, ақша, т.б. заттардан жетім-жесір, кедей адамдарға зекет беру əр қазақтың азаматтық жəне мұсылмандық парызы саналған. Сол себепті, артық мал-дүниесінен кедей-кепшік, жетім-жесірлерге зекет бермеу – адамгершілікке жат, жаман қылық есептеледі.
Сыралғы
Сыралғы – олжалы болып, қанжығасы майланып келе жатқан аңшылар мен саятшылардан сұралатын кəде, ырым. Ол «олжа байлау» деп те аталады, яғни аңшылар мен саятшылардың атқан немесе бүркіт пен тазыларына алдырған аңдарының етінен бір мүшесін (қолы, саны) шығарып беруін, ал қырғауыл, үйрек, қаз, дуадақ, қасқыр, түлкі, аю, қоян сияқты аң-құс болса, қасына еріп шыққан жолдастарына байлауды (сыйлауды) «сыралғы беру» деп атайды. Тіліміздегі «батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы» деген мəтел содан қалған.
Бел көтерер
Адамгершілігі асқақ, көңілі көл-көсір жомарт қазақ халқы адамдарды, əсіресе қарттарды сыйлап-құрметтеудің алуан жолын тауып, оларды күтіп, қуандырып отырудың сан түрлі əдісін қолданып, осы бір тамаша əдетті ұлттық салт-дəстүрге айналдырған. Сондай салт-дəстүрдің бірі – қариялар мен науқас кісілерге «бел көтерер» беру.
Бел көтерер тағамы əдетте, қоректік қуаты біршама жоғары – қазы-қарта, жал-жая, уыз, қаймақ, тары жармасы, сары май, қымыз, ақ ірімшік, жент, шұбат, бал сияқты заттардан мəнерлеп жұмсақ əрі дəмді етіп жасалады да, оны қариялар мен ауру-сырқау адамдардың көрші-қолаң, туыс-туғандары мен дос-жарандары əзірлеп апарып береді. Туыс-туғандары мен жанашыр жақын адамдарының бұл сыйына риза болған қариялар мен науқас кісілер оларға ақ баталарын беріп, ағынан ақтарылады. Қуанып, көңілдері көтеріліп, бір жасап қалады. Бұл салт қариялар мен ауру-сырқаулардың көңіл күйін көтеріп, ауруға қарсылық қуаттарын арттырып, өмірге көзқарастарын тереңдетіп, қарияларды үміткер, ауруларды ширақы, қағілез болуға жетелейді əрі адамдар арасындағы сүйіспеншілікті тереңдетіп, қоғамдық қарым-қатынастарын нығайтады. Достықты, береке-бірлікті күшейтеді.
Жылу
Тасқын, өрт, зілзала, боран, т.б. апаттарға ұшырап, бастарына күн туып, жан бағысы қиындаған адамдарға ізгі ниетті, қайырымды, мейірімді адамдар бас қосып ақылдасып, мал-дүние, азық-түлік секілді қажетті заттар беріп, дер кезінде көмек көрсетеді. Міне, бұл – «жылу беру» деп аталады.
Ерулік
Ерулік – отырықты отбасылардың жаңа көшіп келген отбасына беретін сыйы. Мысалы, еру отырған үйдің қасына немесе маңайына басқа бір үй көшіп келіп қонса, үй салып кірсе, оған еру отырған үй ет асып, шай қайнатып, тіпті мал сойып, оны «ерулік» деп апарып береді немесе үйіне шақырып дəм татқызады. Бұл – еру отырған елдің жаңа келген көршілеріне көрсеткен құрметі, «дəм-тұзымыз жарасқан тату-тəтті көрші болайық» деген ізгі ниеті мен көңіл күйін білдіруі.
Бəсіре
Қазақ халқы ұрпақты болып өсіп-өнуді ерекше қуаныш санайды. «Бас екеу болмай – мал екеу болмайды» деп, басқа бас қосылуын бақыт-байлыққа балайды. Сондықтан да, бір отбасы перзентті болса, оның ата-əжесі мен туыс-туғандары перзентке «жасы ұзақ болсын» айтып, міндетті түрде жейде кидіреді. Сондай-ақ, бала қырқынан шыққанда, тұсауын кескенде немесе сүндет тойын жасаған кезде оған тай-тайынша, қозы-лақ атайды. Міне, бұл - «бəсіре» деп аталады.
Бəсіре ұрпақтарды көл-көсір қуанышқа бөлеп, баланың туыс-туғандарына деген сүйіспеншілігін арттырады. Қоғамдық қарым-қатынасын жақсартып, мейірімді, қайырымды, жомарт азамат болып есеюге баулып, еңбекке, шаруашылыққа ерте бастан дағдыландырып, адал еңбек, ащы терімен бақыт-байлық жарату жолына жетелейді. Малсақ, еңбекшіл болуға үйретеді.
Асар
Асар салу – қазақ халқының қиналғанда, қысылғанда бір-біріне қол ұшын беріп, көмектесіп отыратын тамаша қасиетінің белгісі. Жұмысы біршама ауыр, қолғанаты аз адамдар өз шамасы келмейтін жұмыстарын көптің көмегімен атқару мақсатымен ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жарандарына «пəлен күні асарға шақырамын» деп алдын ала хабар береді. Мысалы, пішен шапқанда, егін орғанда, үй салғанда, т.б. Асарға шақырылғандар айтулы күні түгел жиналып, «асар» иесіне қауырт жұмыс істеп береді. Оған ешқандай ақы талап етпейді. Кешке таман жұмыс біткен соң, жиналған жұрт асарға сойылған малдың етін жеп, қымыз, шұбат ішіп, əн шырқап, əзіл-қалжың айтысып көңіл көтереді. Міне, бұл - «асар салу» делінеді.
Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кітабына негізделіп дайындалды.