Неге бір ауылдың халқы екі түрлі экологиялық аймақта тұрады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында бір өзі екі ауданға қарайтын ауылдар бар. Олардың ерекшелігі — халқына жасалған жағдай екі түрлі.

Мәселен Құсшы ата ауылында жолдың бергі беті Кентау қаласына қарайтын болса, арғы беті — Сауран ауданының еншісінде. Жергілікті тұрғындарды алаңдататын мәселенің бірі — экологиялық ахуал.
Сауран ауданы экологиялық аймаққа жататындықтан мұндағы халық жалақысына 20 пайыздық үстемеақы алады. Ал, Кентау қаласына қарасты құсшыаталықтарға мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.
— Ауылымызда бір мектеп, бір балабақша бар. Бірақ ешбірінің жалақысына экологиялық үстемеақы қосылмайды. Ал, үйімнің алдындағы 10 метр жерде тұратын көршім сол ақшаны алып отыр. Бәріміздің жұтып отырғанымыз бір ауа. Сондықтан бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешілуі қажет деп ойлаймын, — дейді ауыл тұрғыны Сейдулла Ахметов.
Дәл осы жағдай Бәйдібек ауданында да кездеседі. Қызыл көпір аталып кеткен Екпінді ауылының Арыс аймағына қарасты бөлігі экологиялық аймаққа енеді де, Бәйдібек бөлігі бұл артықшылықты ала алмай келеді.

Ортаны бөліп тұрған күре жол ғана бар. Әйтпесе мұнда да барша тұрғынның жұтып отырғаны бір ауа.
Аталған мәселе Парламент Мәжілісінің мінберінде де көтерілді. Депутат Ұласбек Сәдібеков жергілікті жердегі жағдайды айтып, депутаттық сауал да жолдаған болатын. Дегенмен, тұрғындар әлі нақты нәтижені көре алмай отыр.
— Соңғы жылдары Кентаудың жағдайын күн тәртібіне қайта алып шықтық. Үкіметке жағдайды түсіндіріп, 100 мыңға жуық халықты толғандырған жайт екендігіне көз жеткіздік. Содан қаншама жылдан бері тоқтап тұрған сең қозғалып, назар аударылды. Бүгінде әрбір министрлік пен комитет тарапынан жұмыс жүріп жатыр. Кентауда көшпелі жиын өткізіп, жергілікті халықпен кездесіп, ортаға салып талқыладық. Егер Кентау қаласына экологиялық аймақ статусы берілетін болса, оған қарасты ауылдар да сол статусты иеленеді. Оның ішінде Құсшы ата ауылы да бар. Жалпы, бұл өте үлкен, ауқымды мәселе. Біз Кентауды экологиялық аймақ деп тану арқылы 100 мың халықтың өмір сүру сапасын жақсарта аламыз, — деді Ұласбек Сәдібеков.
Халық қалаулысының айтуынша, бүгінде Кентау өңірінде экологиялық жағдай күннен күнге күрделене түскен.
Негізгі себептің бірі — қала Арал аймағына жақын орналасқан. Яғни, Арал маңындағы қазақстандық бөліктің қарқынды шөлге айналуы халықтың әл-ахуалының қолайлы шарттарының жойылуына, атап айтқанда аурушаңдықтың артуына әкеліп отыр.
Осы себептер бойынша Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарының кей жерлері экологиялық апат аймағы болып танылды.

Ал, сол сәтте Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданы сол тізімге енбей қалды.
— Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданындағы ауа мен судың ластануынан жергілікті тұрғындардың арасында онкологиялық аурулар да асқына түскен. Әрине, бұл дабыл қағарлық жағдай деп білемін, — дейді депутат.
Мәселен, Бәйдібек ауданында жүрек қан-тамырлары алғашқы аурушаңдығы 2021 жылы 427 болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 528-ге жеткен.
Ал, 2023 жылы 558 тұрғыннан анықталып, соңғы 3 жыл ішінде 24 пайызға артқан.
Онкологиялық алғашқы аурушаңдықпен 2021 жылы 42 тұрғын науқастанса, 2022 жылы — 48, 2023 жылы — 55 тұрғын ауырған.
Туберкулездің алғашқы аурушаңдығы да соңғы үш жылда 2 есе артып отыр.
Сондай-ақ, экологиялық ахуал ауыл шаруашылығы саласына да теріс әсер етіп келеді. Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістеме орталығы өңірлік филиалымен бірлесе егістік жерге жүргізілген топырақты агрохимиялық талдау жұмысының нәтижесінде аудан аумағындағы топырақ құрамындағы қарашірік, азот пен фосфор мөлшері өте төмен екені анықталған.

Одан бөлек, жыл сайын өзен-бөгеттер деңгейінің төмендеуі байқалып отыр. 1990 жылғы есепте ауданда 18 000 гектарға жуық суармалы жерді суландыратын 102 канал болса, қазір өткізу қабілетін жоғалтқандықтан 72 канал есептен шығарылған.
Бүгінде ауданда айлық жалақы мөлшері экологиялық дағдарыс жағдайына жақын аймақтарға қарағанда 20-25 пайызға төмен. Салдарынан аудан жастары басқа өңірлерге жұмысқа кетіп жатқан жайы бар. Тіпті қоныс аударушылар да көп.
— Кентау қаласының зерттеу қорытындысында анықталған аумақты ластаушы заттар Бәйдібек ауданында да кездесіп отыр. Атап айтқанда, 1994 жылға дейін Бәйдібек ауданында Кентау қаласына қараған «Ачполиметалл» (қорғасын өндіретін) комбинатының Байжансай кеніші жұмыс жасаған. 2023 жылы Түркістан облысы бойынша экология департаменті, зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің сынақ хаттамасына сәйкес, топырақтың құрамынан қорғасын, мырыш, мыс, т. б. металдардың мөлшері шекті рұқсат етілген нормативтен едәуір асып кеткені анықталды. Жоғарыдағы мән-жайды ескере келе, Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңына өзгертулер енгізу мақсатында, облыс деңгейінде комиссия құрамын құруға ықпал ету бойынша облыс әкімі Д. Сатыбалдының және арнайы мекеме басшыларының аттарына сұраныс хаттар жолданды, — делінген Бәйдібек ауданы әкімдігі ұсынған ақпаратта.
Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласы экологиялық апат аймағы деп танылғанын және тұрғындар жалақысына 20% үстемеақы қосылатынын айтты.
Бұл жаңалықты естіген кентаулықтар қуанып, бір-бірінен сүйінші сұрап жүр. Әсіресе, құсшыаталықтардың қуанышы ерекше.
Ал, Бәйдібек ауданының тұрғындары бұл игілікті істі әлі біраз жыл күте тұруына тура келетін сыңайлы. Себебі, бұл өңір үшін әлі нақты шешім қабылданбай отыр.