Негізінде декларация – заң емес, ол тек ниет қана - Қайролла Ережепов
«1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-і егемендік декларациясын қабылдады. Бұл Қазақстанның қалай бағыт алуына жол сілтеді. Декларация – заң емес, ол тек ниет қана. Бірақ оның ішіндегі барлық нормалар болашақ Конституцияның нормаларын қамтыды». Жоғарғы кеңесте Егемендік декларациясын қабылдаған 360 депутаттың бірі, Мемлекет және қоғам қайраткері Қайролла Ережепов осылай дейді, деп хабарлайды Kazinform.
Егемендік декларациясы қабылданғанда Жоғарғы Кеңесте халық сайлаған еңбекшілер, белсенді жастар мен ірі кәсіпорындардың басшыларынан құралған 360 депутат болған. Ал олардың 8-і Маңғыстаудан барған мұнайшы, құрылысшы, кәсіподақ өкілдері еді.
«1990 жылдың 25 қазанында Егемендік декларациясын қабылдадық. Бұл декларация Қазақстанның әрі қарай қай бағытта өркендеуі керек, қай бағытта дамуы керектігін айқындап, адами, саяси мәселелер, мемлекетті басқару бағыттарын қамтыды. Негізінде, декларация – заң емес, ол тек ниет қана. Бірақ декларацияның ішіндегі барлық нормалар болашақ Конституцияның мазмұнын қамтыды. Конституция содан өрбіді», - дейді Қайролла Ережепов.
Барлық жағынан одақ заңдарына тәуелді, халықаралық сауда қатынастарында тәжірибесі жоқ Қазақстан үшін егемен ел болуға жасаған алғашқы қадамдар оңай болмаған. Одақтағы елдердің ішінде Қазақстан мен Қырғызстан ғана өз декларациясын өзгелерден соң қабылдаған.
«КСРО-ның шаңырағы шайқалып тұрған тұста құрамындағы бірқатар ел өздерінің одақтан шығатынын жариялады. 1990 жылдың маусым, тамыз айларында Қазақстан мен Қырғызстаннан басқа елдер өздерінің егемендігі туралы декларациясын қабылдап үлгерді. Біз де ертелі-кеш соған келетінімізді білдік», - деді Қайролла Ережепов.
Егемендік декларациясын қабылдау процесі тартысты, жауапты сәттерден тұрған.
«Декларацияны қабылдаудың өзі оңайға соққан жоқ. Жоғарғы кеңестегі 360 депутаттың жартысынан сәл көбі Конституцияда да, Декларацияда да «Қазақстан мемлекеті», «Мемлекет құрушы ұлт – қазақ», «қазақ тілі», «қазақ әдебиеті», «қазақ мәдениеті» деген сөздерді бірден қабылдай қоймады», - дейді Қ. Ережепов.
25 қазанда халық әрқашан көтеріңкі көңіл күйде болған. Арасында Республика күні деп тойланбағанымен, мемлекеттің маңызды шарасының басы-қасында жүргендер бір-бірін құттықтап отырған.
«Республиканың қалай дамып, қалай бағыт алуына жол берген осы декларация ғой. Бұл – жалғыз ұлттық мереке. Мемлекеттің өсіп-өркендеуі оңай шаруа емес. Елімізде қаншама мемлекеттік бағдарламалар қабылданады. Олар тиісінше жүзеге асуы тиіс. Ал халық тәуелсіздігімізді одан әрі дамытып, мемлекетіміздің беделінің жоғарылауына жан-жақты көмектесуі керек. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!» - деді Қайролла Ережепов.