Неліктен 41 жастағылар ұтып тұр: БЖЗҚ жаңа әдістемені түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесі әртүрлі жастағы салымшыларға қалай әсер еткенін және неге зейнет жасына жақындаған қазақстандықтар үшін талаптардың ең жоғары деңгейі белгіленгенін түсіндірді.

зейнетақы қоры
Коллаж: Kazinform

Ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесі енгізілгеннен кейін белгіленген шектен жоғары зейнетақы жинақтары бар салымшылардың ең көп бөлігі 41 жастағы азаматтар екені анықталды. Неліктен дәл осы жас тобы ең қолайлы жағдайда болғанын БЖЗҚ түсіндіріп берді.

Қордың мәліметінше, 41 жасқа қарай көптеген азамат жинақтаушы зейнетақы жүйесіне шамамен 20 жыл қатысып үлгереді. Нәтижесінде едәуір көлемдегі зейнетақы жинағы қалыптасады. Сонымен қатар дәл осы жаста көптеген адамның табысы мен мансаптық өсуі ең жоғары деңгейге жетіп, міндетті зейнетақы жарналарының көлемі артады. Бұған қоса, жүйеге қатысқан жылдар ішінде жиналған инвестициялық табыс та зейнетақы жинақтарының маңызды бөлігіне айналады.

— Әдетте бұл жастағы адамдар зейнетақы жинақтарын инвестициялау мүмкіндіктері туралы көбірек хабардар. Көпшілігі қаржылық болашағын байыппен жоспарлай бастайды. Бұл оларды зейнет жасына дейін қаражатты белсенді түрде жинақтауға ынталандырады, — деп атап өтті қордан агенттіктің сауалына орай.

Аталған факторлардың жиынтығы 41 жастағы азаматтардың ең төменгі жеткіліктілік шегінен жоғары жинақтары бар салымшылардың ең көп тобын құрауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар ең жоғары ең төменгі жеткіліктілік шегі 62 жастағы азаматтар үшін белгіленген. БЖЗҚ мұны олардың зейнет жасына жақындауымен түсіндірді.

— Егер салымшы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуды жоспарласа, онда оның шотында болашақта жеткілікті мөлшерде тұрақты зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге жететін қаражат қалуы тиіс. 62 жаста қаражатты қайта жинақтап, алынған соманы толықтыруға мүмкіндік беретін уақыт іс жүзінде қалмайды, — деп түсіндіреді қордан.

БЖЗҚ есептеуінше, егер 62 жастағы азаматтың жинағы ең төменгі жеткіліктілік шегі деңгейінде болса, онда зейнетке шыққаннан кейін қордан алатын ай сайынғы төлем мөлшері шамамен 127 мың теңгені құрайды. Бұл 2026 жылғы халықтың медиандық табысының шамамен 40 пайызына тең.

Сондай-ақ БЖЗҚ мәліметінше, жаңа әдістеме бойынша ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігі бар 30 жасқа толмаған азаматтардың саны шамамен 1,5 мың адамды құрайды.

— Әртүрлі жас топтарындағы салымшылар санының өзгеруі зейнетақы жарналарының түсу қарқынына, инвестициялық табыстың көлеміне және басқа да факторларға байланысты болады, — делінген жауапта.

Қор ең төменгі жеткіліктілік шегі жыл сайын қайта қаралатынын еске салады. Әлеуметтік кодекске сәйкес, ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлейді.

— Үкімет ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін бекітеді. БЖЗҚ республикалық бюджет туралы келесі қаржы жылына арналған заң ресми жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, келесі жылға есептелген және қолданылатын ең төменгі жеткіліктілік шегін мөлшерлерін бұқаралық ақпарат құралдарында, қазақ және орыс тілдеріндегі кемінде екі баспа басылымында, сондай-ақ өзінің интернет-ресурсында жариялауға міндетті, — деп нақтылайды қор.

Егер Үкімет қолданыстағы әдістемеге өзгерістер енгізсе немесе оның жаңа редакциясын бекітсе, онда ең төменгі жеткіліктілік шегінің мөлшері қайта есептеліп, белгіленген тәртіппен жарияланады.

Бұған дейін ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеудің жаңа әдістемесіне сәйкес, белгіленген шектен жоғары зейнетақы жинақтары бар азаматтардың саны 30 мыңнан сәл асатынын жазған едік.