Неліктен қазақстандықтар ескі автокөліктерін кәдеге жарата алмай жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Ескі көліктерді қайта өңдеу нарығы жаңа рұқсат беру талаптарына бейімделген кезде қабылдау пункттері іске қосылып, халыққа арналған сертификаттар пайда болады, ал «тот басқан мұраларды» кәдеге жарату қоршаған ортаны қорғаудың нақты құралына айналады. Бағдарламаның іске қосылуы не себепті созылып кеткенін Kazinform агенттігінің тілшіcі зерттеп көрді.
Қазақстанда пайдаланудан шыққан автокөліктерді кәдеге жарату бағдарламасы формалды түрде дайын. Ведомство өкілдері 2024 жылдың көктемінде мәлімдегендей, кәдеге жаратумен ЭҚЖЖ бойынша тиісті рұқсаты бар барлық кәсіпорын айналыса алар еді. Мұндай компаниялардың саны ел бойынша шамамен 200-ге жуық, яғни іс жүзінде әр өңірде бизнес бұл қызметті көрсете алар еді. Сонымен қатар министрлікте кәдеге жарату жүйесін қалыптастыруды ұзаққа созылатын процесс деп атап, оны бір-екі жылдың ішінде толық іске асыру мүмкін емес екенін айтқан.
2025 жылдың аяқталуына жақындап қалғанымен, қайта өңдеушілер әлі іріктелмеген, келісімшарттар жасалмаған, ал ресми қабылдау пункттері әлі күнге дейін анықталмаған. Өңір тұрғындары, оның ішінде Шымкент қаласының халқы да, ескі автокөліктерін заңды түрде кәдеге жарату мүмкіндігінен әлі айырылып отыр.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында елде әзірге автокөліктерді қабылдайтын қалалар мен ресми қабылдау пункттерінің бекітілген тізімі жоқ екенін түсіндірді. Пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жарату үшін иелерінен өтінім қабылдау процесі тек қайта өңдеушілер анықталып, олармен тиісті келісімшарттар жасалғаннан кейін ғана басталады.

Жаңа рұқсат беру талаптары
Бағдарламаның іске қосылуының созылып кетуінің негізгі себебі – компаниялар тапсыратын құжаттардың «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңның жаңартылған талаптарына сәйкес келмеуі.
2024 жылғы 10 қазаннан бастап түсті және қара металдардың сынықтарын жинау, сақтау, қайта өңдеу және өткізу қызметі хабарлама тәртібінен рұқсат беру тәртібіне ауыстырылды. Ал бағдарламаның іске қосылуы бизнестің жаңа үлгідегі рұқсаттарды алуына тікелей байланысты. Онсыз кәсіпорындар кәдеге жарату жұмыстарына қатыса алмайды.
– Қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау, сақтау, қайта өңдеу және өткізу қызметін бұрын хабарлама негізінде жүзеге асырған заңды тұлғалар екінші санаттағы рұқсатты алуға немесе қызметін тоқтату туралы хабарлама жолдауға міндетті. Осылайша, аталған бағдарламаға қатысу үшін қайта өңдеуші екінші санаттағы рұқсат құжатын ұсынуы қажет, - деп атап өтті ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.
Сонымен қатар ескі автокөліктерді қабылдау пункті қайта өңдеушінің меншігінде немесе жалға алынған, заңнама талаптарына және қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға жинау мен дайындау қағидаларына сай келетін өндірістік база болуы тиіс.
Қайта өңдеушілермен келісімшарттар жасалғаннан кейін автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын жинау және қабылдау пункттері айқындалады. Мекенжайлардың тізімі барлық рәсімдер аяқталған соң ғана бағдарламаның операторы «Жасыл даму» АҚ-ның ресми сайтында жарияланады.
– Қазіргі уақытта пайдаланудан шыққан көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдеушілерді анықтау процесі жүргізілуде, бұл алдағы уақытта көлік құралдарын қайта өңдеу/кәдеге жарату жөніндегі келісімшарттарды жасасу үшін қажет. Қайта өңдеушілермен келісімшарттар жасалғаннан кейін «Жасыл даму» акционерлік қоғамының ресми сайтында https://www.recycle.kz/ru қабылдау пункттерінің өзекті тізімі жарияланып, кәдеге жаратуға өтінім қабылдау басталады, оның ішінде Шымкент қаласында да, - деп түсіндірді «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов.

Министрлікте сондай-ақ бір ғана қайта өңдеушінің монополиясына жол берілмейтінін атап өтті. Бағдарламаға қара металлды қайта өңдеумен айналысатын барлық кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады.
Бұған дейін утилизациялық алымды жүргізу жөніндегі монополиялық құқық жеке меншік «Оператор РОП» ЖШС-не тиесілі болған. 2016 жылы бұл компания Қарағанды қаласындағы «Recycling Company» ЖШС-мен шарттық қатынаста болса, 2020 жылы Қостанай облысындағы «Autorecycling» ЖШС-мен автокөлік қалдықтарын кәдеге жарату жұмыстарын ұйымдастыру туралы келісімшарт жасаған.
2022 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев утилизациялық алымды жеке құрылымның әкімшілендіруін тоқтатып, бұл өкілеттіктерді мемлекеттік ұйымға беруді тапсырды.
Жеке бір мәселе – Шымкент қаласындағы жағдай. Бұған дейін көпшілік алдында утилизациялық зауыттың жұмысын қайта жандандыру немесе жаңа кәсіпорын салу жоспарлары талқыланған болатын. Алайда министрлікте бүгінгі таңда Шымкентте жұмыс істеп тұрған немесе салынып жатқан утилизациялық зауыт туралы ақпараттың жоқ екенін ашық мәлімдеді.
Кәдеге жарату үшін төлемдер
Экология министрлігінде атап өткендей, кәдеге жарату бағдарламасы тоқтатылмаған, алайда оның іске қосылуы тікелей қайта өңдеушілердің жаңа рұқсат беру талаптары аясында жұмыс істеуге дайын болуына байланысты. Қазіргі уақытта елдегі ресми кәдеге жарату жүйесі іс жүзінде тоқтап тұр.
Бағдарлама іске қосылғаннан кейін автокөлікті тапсыру үшін ақшалай төлем қарастырылмаған. Ескі көлік иелеріне жаңа автокөлікті сатып алуға арналған жеңілдік сертификаты ұсынылады.
Сертификаттың номиналы тапсыратын көлік құралының жіктелуіне байланысты анықталып, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен бағдарламаның операторы - «Жасыл даму» АҚ бірлесіп бекітеді.

Экология және шығарындылар
Утилизациялық инфрақұрылымның болмауына байланысты экологияға түсетін жүк, оның ішінде Шымкент қаласында, өзекті болып қала береді.
– Қазақстанда сынама алу әдістері мен шығарындылар құрамын анықтауды реттейтін ұлттық стандарттар қолданыста. Көліктің пайдаланылған газ шығарындыларын өлшеу тәртібі мен әдістері барлық экономикалық субъектілер үшін міндетті болып табылады, – деп хабарлады Экология министрлігінен.
Шымкентте атмосфералық ауаны бақылау бойынша алты тұрақты пост жұмыс істейді, сондай-ақ мобильді зертханалар бар.
Төрт қолмен сынама алу посты «Южполиметалл» АҚ, Ордабасы алаңында, «Шымкентцемент» АҚ аумағы және Сайрам көшесі бойында орналасқан. Сынама алу күніне үш рет, толық емес бағдарлама бойынша жүргізіледі. Сонда қоршаған ортаны ластаушы заттардың 13 көрсеткіші анықталады, соның ішінде ілінген бөлшектер, азот және күкірт диоксидтері, көміртек оксиді, аммиак, күкіртсутек, формальдегид, бензапирен және ауыр металдар бар.
Сонымен қатар қалада екі автоматты атмосфералық ауа мониторингі станциясы жұмыс істейді – Самал-3 және Нұрсат шағын аудандарында. Олар мәліметтерді әр 20 минут сайын тіркейді.
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Шымкенттегі атмосфералық ауаның ластануы деңгейі жоғары деп бағаланған. Жеке учаскелерде күкіртсутек, формальдегид, азот диоксиді және ілінген бөлшектер бойынша шектен тыс көрсеткіштер тіркелген. Дегенмен, аса жоғары ластану жағдайлары анықталмаған.
Шығарылатын газдардың уыттылығы мен түтінділігін бақылау рейдтер кезінде анықталады.
– Жыл басынан бері полиция және экология департаменттерімен бірлесіп өткізілген «Таза ауа» рейдтері аясында қалада 52 әкімшілік іс тіркелді. Оның ішінде төрт хаттама ескерту ретінде, 48 хаттама жалпы сомасы 943 680 теңге айыппұл салумен рәсімделген. Барлық айыппұлдар толық көлемде өндірілді, - деп толықтырды министрліктен.
Бұған дейін ескі көлікті утилизацияға қалай тапсырып, өтемақы алуға болатынын жазғанбыз.
Еске сала кетейік, қазақстандық автокөліктердің бағасына утилизациялық алым қосылмайды.