Неміс кинологы: Қазақы тазы – аңшылық иттің мінсіз үлгісі

АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Болонья қаласында өтіп жатқан World Dog Show-2026 халықаралық көрмесінде Қазақстанның ұлттық стенді мамандар мен қонақтардың ерекше назарын аударды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еуропадағы меншікті тілшісі.

Петер Фридрих
Фото: Арнұр Рахымбеков

Дәстүрлі киіз үй үлгісінде безендірілген алаңда қазақ халқының мақтанышы – тазы тұқымы таныстырылды.

Қазақы тазы туралы өз пікірін әлемдегі беделді сарапшылардың бірі, Германия кинологтар одағының (VDH) президенті Петер Фридрих білдірді.

– Менің тазыға ерекше ықыласым бар екенін көпшілік біледі және оған негіз болатын себептер жеткілікті. Мен үшін тазы – ең алдымен өте сұлу ит. Бірақ оның құндылығы тек сыртқы келбетінде емес. Бұл тұқым толыққанды белсенді өмір сүре алады, аңшылыққа тамаша бейімделген, қозғалыс биомеханикасы мен сымбаты ерекше. Сонымен қатар мінезі де өте жақсы. Мен ұнататын иттердің дәл осындай түрі, ал тазы – соның мінсіз үлгісі, – деді Петер Фридрих.

Сарапшы халықаралық кинологиялық қауымдастықтың назарын аударып отырған қазақы тазының басты ерекшеліктеріне де тоқталды.

– Мен екі негізгі қасиетті атар едім. Біріншісі – оның таңғаларлық сабырлылығы. Тазы өте тыныш әрі байсалды бола алады. Бірақ қажет болған сәтте бір мезетте аса қуатты аңшылық белсенділікке көшеді. Екіншіден, аңшылықтан кейін қайтадан тез тынышталып, мейірімді әрі әлеуметтенген қалпына оралады. Осындай қасиеттердің үйлесімі кинология әлемінде өте жоғары бағаланады, – деді ол.

Мамандардың пікірінше, World Dog Show сияқты беделді халықаралық көрмелерге қатысу қазақы тазының әлемдік деңгейде толық мойындалуына жол ашады.

Айта кетейік, Халықаралық кинология федерациясы (FCI) қазақы тазы тұқымының стандартына иелік ету құқығын ресми түрде Қазақстанға бекітіп берген болатын. Осыдан кейін әлем чемпионаттарында тазыны таныстыру мен насихаттау жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді.

Бұған дейін Болоньяда өткен әлем чемпионатында қазақстандық «Челси» атты тазы жас иттер арасындағы тазы тұқымдастар тобында төртінші орын алды.