Neo Nomad визасын ең көп АҚШ азаматтары алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда іске қосылған Neo Nomad визасын осы уақытқа дейін 19 елдің 73 азаматы алған. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Neo Nomad визасы Қазақстанда 2024 жылғы қарашада іске қосылды. Ол шетелдік компанияда қашықтан жұмыс істейтін немесе шетелдегі тапсырыс берушілерге қызмет көрсетіп, табысын басқа елден алатын азаматтарға арналған.
Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашевтың айтуынша, бағдарлама іске қосылғаннан бері 19 мемлекеттің азаматтарына барлығы 73 виза берілген.
– Қазақстанның Neo Nomad визасын алған шетелдіктер арасында АҚШ азаматтары көш бастап тұр. 2026 жылғы маусымның соңына дейін америкалықтарға 27 виза рәсімделген. АҚШ-тан кейінгі орында Ұлыбритания тұр. Бұл елдің 9 азаматы визаны рәсімдеген. Канада азаматтарына 8 виза берілді, - деді ол.
Сондай-ақ Neo Nomad визасын Австралия, Франция, Корея Республикасы, Германия, Ирландия, Польша, Латвия және басқа да мемлекеттердің азаматтары алған.
– Виза иелерінің нақты қандай салада жұмыс істейтіні жөнінде жеке есеп жүргізілмейді. Дегенмен бұл мүмкіндік қызметін қашықтан, яғни интернет арқылы атқара алатын мамандарға бағытталған. Олардың қатарында IT саласының қызметкерлері, кеңесшілер, дизайнерлер, маркетологтар, кәсіпкерлер және креативті индустрия өкілдері бар, -деді комитет төрағасының орынбасары.
Оның сөзінше, бағдарламаға қызығушылық біртіндеп артып келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында 2025 жылдың бүкіл жылындағы көрсеткішпен бірдей көлемде виза берілген. Ведомство мұны қашықтан жұмыс істеу кең тараған елдер азаматтарының белсенділігімен байланыстырады.
– Әсіресе АҚШ, Ұлыбритания және Канада азаматтары тарапынан сұраныс жоғары. Бұл мемлекеттерде икемді жұмыс кестесі мен кеңседен тыс еңбек ету тәсілі кеңінен таралған, - деді Айдын Қапышев.
Айта кетейік, Neo Nomad визасы бір жылға дейін беріледі және бұл оның иесіне Қазақстанға бірнеше рет кіріп-шығуға мүмкіндік береді. Шетелдік маман осы уақыт ішінде Қазақстанда тұрып, басқа елдегі жұмыс берушіде еңбек етуін жалғастыра алады.
Қазіргі уақытта Қазақстанға тартылатын цифрлық көшпенділер саны бойынша нақты жоспар белгіленбеген. Бағдарламаны қолдану тәжірибесі жинақталғаннан кейін оның тиімділігіне талдау жасалатын болады.
Айта кетейік, инвесторлық және Neo Nomad визаларына сұраныс артқаны жөнінде материал жарияланған еді.