Непалда қар көшкіні кезінде қаза тапқан альпинистерді іздеу жалғасып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Seven Summit Treks экспедициялық агенттігінің мәліметінше, Непалдың солтүстік-шығысындағы Гималай шыңында қар көшкіні кезінде кемінде жеті альпинист, оның ішінде бес шетелдік және екі непалдық азамат қаза тапты, деп хабарлайды BBC

Непалда қар көшкіні кезінде қаза тапқан альпинистерді іздеу жалғасып жатыр
Фото: Wikimedia Commons

Құтқарушылар екі адамның денесін тапты және шамаланғандай қар астында көміліп қалған бес адамды іздеу амалдарын жалғастырып келеді. Тағы сегіз альпинист құтқарылды және ел астанасы Катмандуда ем алып жатыр.

Аудандық полиция бастығының айтуынша, барлық альпинист қар көшкінінен шамамен бір сағат бұрын тауға шыққан бір топтың құрамында болған, деп хабарлады BBC Nepali.

Seven Summit Treks компаниясының төрағасы Мингма Шерпаның мәлімдеуінше, қалған бес адамның денесі шамаланғандай қардың 3-5 метр астында жатуы мүмкін. 
Қаза болғандар арасында екі итальялық, бір канадалық, бір неміс, бір француз азаматы және екі непалдық жол көрсетуші болғаны анықталды.

Тірі қалған альпинистердің бірі жергілікті газетке зардап шеккендер бірнеше рет көмек сұрағанын, бірақ нәтиже болмағанын айтып берді. 

Аудандық полиция комиссарының орынбасары Гьян Кумар Махато BBC-ге берген сұхбатында құтқару жұмыстарына қолайсыз ауа райы жағдайы мен логистикалық қиындықтар кедергі келтіріп жатқанын, бұл тікұшақтардың ұшуына кедергі келтіріп, оқиға орнына жетуге мүмкіндік болмай жатқанын айтты.

Сонымен қатар Непалдың батысындағы Панбари тауына шығу кезінде жоғалып кеткен тағы екі итальялық альпинисті құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Стефано Фарроното мен Александро Капуто өткен аптада жолда қалып қойған үш шетелдік және үш жергілікті жол нұсқаушыдан тұратын топтың құрамында болды.

Бұған дейін құтқарушылар Алматы тауларында адасқан екі жасөспірімді төменге түсіргенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар