Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 1294 адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Непалдағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 1294 адамға жетіп, тағы 5053 адаммен байланыс орнатылмай отыр, деп хабарлайды Непалдың Табиғи апаттар қаупін азайту және оларды басқару жөніндегі ұлттық басқармасы (NDRRMA).
Ведомствоның жаңартылған дерегіне сәйкес, қазіргі уақытқа дейін 1294 адамның денесі табылған. 5053 адаммен әлі байланыс жоқ. Құтқарушылар 13 095 адамды аман алып қалды, ал тексерілген тізімге 5006 адамның аты-жөні енгізілген.
Билік табиғи апаттан ең көп зардап шеккен аудандарда іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл жұмыстарға Непал армиясының әскери қызметшілері, полиция, қарулы полиция, мамандар мен еріктілер жұмылдырылған.
– «Байланыс жоқ» деген көрсеткішті із-түзсіз жоғалған адамдардың нақты саны ретінде қабылдауға болмайды. Ақпарат әлі де нақтыланып, тізімдер тексеріліп жатыр, – деп түсіндірді құзырлы орган.
Бұған дейін билік елдегі тұрғын үйлер мен инфрақұрылымның ауқымды қирағанын хабарлаған. Су тасқыны мен сел жүрген аудандарда қалып қойған адамдарды іздеу жалғасып жатыр.
Құтқару операциясы барысында тоғыз күн бойы жер астында қалған екі адамның тірі табылғаны да белгілі болды. Upper Trishuli 3A су электр станциясының екі жұмысшысы су басқан туннельден аман шығарылды.
Жойқын су тасқыны 26 тамызда Непал мен Қытай шекарасына жақын аумақта мұздық опырылғаннан кейін басталған. Су, лай мен тас араласқан ағын Тришули өзенінің аңғарымен өтіп, елді мекендерді, жолдарды, көпірлер мен энергетикалық нысандарды қиратты. Кей жерлерде тасқын деңгейі өзеннің қалыпты арнасынан жүздеген метрге дейін көтерілген.
Сондай-ақ табиғи апат аймағында Қазақстаннан барған үшінші туристің болғаны анықталды.
Айта кетейік, БҰҰ Непалдағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 49,6 млн доллар сұрады.