Непалдағы тәртіпсіздіктер кезінде түрмеден 15 мың адам қашып кеткен
АСТАНА. KAZINFORM – Непалда әлеуметтік желілерге тыйым салынғаннан кейін 31 адамның өмірін қиған наразылықтарды пайдаланып, түрмедегілердің жаппай қашу жағдайлары тіркелді. Нақтырақ айтқанда 15 мыңнан астам қамауда отырған адам бостандыққа шығып кеткен, деп жазады Анадолы.
The Kathmandu Post басылымының хабарлауынша, Непал премьер-министрі Кхадга Прасад Шарма Оли мен бірнеше министрдің отставкаға кеткеніне қарамастан, елдегі наразылықтар күшейіп, қауіпсіздік саласында күрделі дағдарыс туындаған.
Наразылық акциялары кезінде қатысушылар бірнеше түрмеге шабуыл жасап, әкімшілік ғимараттарын өртеп, кей түрмелердің есіктерін ашық қалдырған. Соның салдарынан ел аумағындағы 25-тен астам түрмеден сотталғандар қашып кеткен.
Бір колонияда сотталғандардың жартысына жуығы қашып шыққан. Осы оқиға кезінде полиция оқ атып, 5 адам қаза тапқан. Тағы бір түрмеде жағдайға әскерилер араласып, 10-нан астам тұтқын жарақат алған.
Тәртіпсіздіктерге қарсы әскер мен полиция жұмылдырылды
Ел астанасында түрмеден қашып шыққан адамдар көшеге шыққан соң, әскер түрмелер маңындағы аудандарды бақылауға алған.
Қашып кеткендердің арасында ауыр қылмыс үшін сотталған, кісі өлтіру, зорлау, адам саудасы істері бойынша жазасын өтеп жүргендер, сондай-ақ шетел азаматтары да бар. Олардың кейбірін құқық қорғау органдары қайта ұстаған, ал кейбірі өз еркімен оралған.
Елдегі саяси жағдай тұрақсыз, зорлық-зомбылық күшейіп тұр
Наразылық білдірушілер саясаткерлерге және мемлекеттік нысандарға әлі шабуылдап жатыр.
Бұрынғы премьер-министр Джхала Натх Кханалдың жұбайы Рави Лакшми Читракар үйіне жасалған шабуыл кезінде күйіп қалып, хал үстінде жатыр. Бұл оқиға кезінде тағы 27 адам жарақат алған, олардың 25-і ауруханадан шығарылған.
Премьер-министр Олидің отставкасынан кейін де елде саяси жағдай тұрақсыз болып отыр. Наразылық білдірушілер өзара келіспеушіліктерге байланысты уақытша үкіметті басқаруға кандидат ұсына алмай жатыр.
Наразылықтың өршуі және жастар көтерілісі
4 қыркүйекте Непал билігі Facebook, Instagram, WhatsApp, YouTube, X (бұрынғы Twitter), Reddit және LinkedIn желілеріне уақытша тыйым салды. Себеп — бұл компаниялар белгіленген мерзімде елдің Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігіне тіркеуге өтінім бермеген.
Бұл шешім жастар арасында үлкен наразылық туғызып, олар тек әлеуметтік желілерді бұғаттауға ғана емес, сыбайлас жемқорлыққа да қарсы шықты.
Полиция мен наразылық білдірушілер арасындағы қақтығыстар кезінде суатқыштар, көз жасаурататын газ және оқ-дәрі қолданылды. Қақтығыстар салдарынан 31 адам көз жұмып, 1000-нан астам адам жарақат алды.
Кейін билік әлеуметтік желілерге қойылған тыйымды алып тастады, ал Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы және Су ресурстары министрлері отставкаға кетті. Бірақ бұл наразылықты тоқтата алмады. Жиналғандар премьер-министр мен министрлердің үйін, сондай-ақ парламент, Жоғарғы сот және Непал конгресінің Санепедегі штаб-пәтерін өртеді.
Жағдайдың ушығуына байланысты әскерилер министрлерді резиденцияларынан тікұшақпен эвакуациялауға кірісті.
9 қыркүйекте Непал премьер-министрінің кеңсесі ресми түрде Олидің отставкаға кеткенін растады. Бұл шешім елдегі жаппай наразылықтар мен үкіметке қысымның салдарынан қабылданды.
Осыған дейін Непалдағы түрмеден 1500 тұтқын қашып кеткені туралы жаздық.
Сондай-ақ Непал премьер-министрі жаппай наразылықтар тұсында отставкаға кетті.