«Несиелендіру: сіз қанша қарызсыз?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 31 шілде, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

Ұлттық банк мемлекеттің қаржылық-валюталық саясатын жүргізетін жай ғана кеңсе-мекемеден алпауыт корпорацияға айналып келе жатқандай, деп жазады « Айқын » басылымы « Ұлттық банктiң «қолы» ұзарып келеді » атты мақалада.

«Осыдан бірер жыл бұрын ғана Ұлттық банк қызметкерлері «мемлекеттік қызметші» саналатын, қазір олар бұл қатардан шығарылып, ұлттық компаниялармен теңелген. ҰБ Алматыдан Астанаға көшкенде де, басқа меморгандардай үкіметтік ғимараттарда орналаспай, «Астана» халықаралық қаржы орталығында орын тебуі мүмкін. Енді тағы бір жаңалық белгілі болды: ол ұлттық мұнай-газ операторының акциясын иеленді», - делiнген аталмыш материалда.

Газеттiң атап өткенiндей, кеше «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының «Қаз­МұнайГаздың» «10% + 1 акциясын» Ұлттық банкке ең кем деген­де 750 миллиард теңгеге сататыны хабарланды.

«Осыған орай «Қаз­МұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің №570 қаулысы шықты. Үкімет басшысы К.Мәсімов қол қойған бұл құжатта: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының» 58 миллион 420 мың 748 жай акциясын тәуелсіз бағалаушы анықтайтын, бірақ 750 миллиард теңгеден төмен болмайтын бағамен Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің пайдасына өз иелігінен шығарсын» деп жазылған.

«Қара алтын» мен «көгілдір отынды» барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау салаларындағы Қазақстанның ұлттық операторы - «ҚазМұнайГаздың» 100% акциясы бұған дейін тек «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қорына ғана тиесілі болып келген. Енді акционерлер қатарына Қайрат Келімбетов басқаратын орган кіріп отыр.

Осы тұста Ұлттық банктің еліміздегі барлық коммерциялық банктердің және қаржылық ұйым­дардың қызметін реттеу функцияларын атқаратынын айта кеткен жөн. Бұған қоса, ол Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақылық активтерін басқарады.

« Айқын » газетi өзiнiң ет-бауыр баласынан безген ата-аналардың мәселесiне қатысты « Баласын тастаған ата-ананың тағдыры бұлыңғыр » атты мақаланы жариялап отыр.

Басылымның жазуынша, үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгiзiлген жаңа қылмыстық кодекс бойынша енді ата-анаға үлкен жауапкершілік артылады.

«Атап айтар болсақ, ешқандай себепсіз бала-шағасын тастап кеткен ата-аналарға қатаң әкімшілік шаралар қолданады. Бұл бекер жасалынып отырған жоқ. Бұл балаларынан безінген безбүйрек әке-шешені тоқтатудың бір амалы шығар», - делiнедi мақалада.

«Өкініштісі, жыл өткен сайын дәм-тұзы жараспай, балаларын тастап кететіндердің қатары артып барады. Басқа шаһарды былай қойғанда, Алматының өзінде қаңғыбас балалар, безбүйрек әке-шешелер аз емес. Дерекке жүгінсек, алаңдатарлық жағдайдың шын мәнінде, барын байқайсыз. Алматы қалалық ішкі істер департаменті ювенальдық полиция бөлімінің басшысы Лейла Әліпбаеваның пікіріне қарағанда, жыл сайын шамамен алғанда Алматының өзінде 35 отбасы өзінің ата-аналық құқынан айырылып жатады. Ал 100-ге жуық ата-ана балалар алдындағы тәрбиелік міндетін дұрыс атқармағаны үшін әкімшілік жауап­кер­шілікке тарты­лады. Назар аударар бол­сақ, жыл басынан бергі деректің көзі ойлан­тарлық дәрежеде. 20 адам ата-аналық құқынан айырылса, 70 ата-ана тәрбиелік міндетін дұрыс атқар­ма­ғаны үшін әкімшілік айып төледі», - деп жазылған мақалада.

« Егемен Қазақстан » басылымында кезiнде несиеге оқыған экс-студенттердiң мемлекет алдындағы берешегiне қатысты « Несиелендіру: сіз қанша қарызсыз? » атты өзектi мақала жарияланып отыр.

«Елімізде 1999-2005 жылдар аралығында жоғары оқу орындарында кадрларды даярлау бойынша несиелендіру бағдарламасы жүзеге асырылғаны мәлім. Бағдарлама қолданыста болған сол жылдары жоғары оқу орындарында 58 мың 360 студент білім алып, олардың оқуына бюджеттен жалпы көлемі 15,3 млрд. теңгені құрайтын қаржы бөлінген-тін. Алайда, Мемлекет басшысының 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында несиелендіру бойынша білім алып жүрген студенттердің барлығы 2005 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мемлекеттік білім гранттарына ауыстырылды».

Дегенмен, газеттiң жазуынша, бүгiнде «Қаржы орталығы» АҚ кезінде мемлекеттік білім беру несиесімен оқығандардың қарыздарын өтеу мәселесін қолға алып жатыр.

Орталық мамандарының айтуынша, мемлекеттік білім беру несиелері 15 жылға берілген, сәйкесінше, 1999 жылы несиелендіру бағдарламасы бойынша оқыған алғашқы студенттердің қарызды төлеу мерзімі 2014 жылы аяқталған. Десек те, сол жылдардағы студент-жастардың басым көпшілігі шынымен де өздерінің мемлекет алдында қарыздары барын «білмейтін» болып шыққан. Орталықтың Білім беру несиесін мониторингілеу және жас мамандарды жұмысқа тұрғызу департаментінің директоры Мәди Шабаровтың сөзіне қарағанда, 2014 жылдан бастап, қарызды өндіріп алу жұмыстары күшейтіліпті.

«Осылайша, білім алуға берілген несиенің 5,0 млрд. теңгесі өтеліп, бюджетке қайтарылыпты. Мәселен, тек 2014 жылдың өзінде 1,06 млрд.теңге қайтарылған екен. Оның ішінде, 12 мың 805 адам борыштарын толық өтеп, өз міндеттерін орындаса, 227 адамның берешек сомасы қарыз алушының түрлі себептермен қайтыс болуына байланысты кешіріліп, есептен шығарылған. Ал қазіргі таңда қарызын толық өтемеген 45 мың 328 азамат бар көрінеді», - деп жазады газет.

« Егемен Қазақстан » газетiнде « Ақ Олимпиада: Алматы ма, Бейжің бе? » атты мақала оқырман назарына ұсынды.

Бұл мақаланың жариялануы тегiннен тегiн емес, себебi бүгiн осы екі қаланың бірі 2022 жылы өтетін қысқы ойындардың астанасы атанады.

«Қазақстан тағы бір таңдаудың, тағы бір сынақтың алдында тұр. Бүгін, яғни шілденің 31-і күні Малайзияның астанасы - Куала-Лумпур қаласында өтетін халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) 128-сессия­сы 2022 жылы жалауын желбірететін қысқы Олимпия ойындарының астанасы тағдырын шешіп береді", - деп жазады газет.

«Қазір Малайзия астанасында Алматы тапсырыс беруші комитетінен жүзден астам адам жүр. Бұдан бөлек, мұнда Қазақстан тапсырысына қолдау көрсету мақсатымен келген көп­теген белгілі спортшылар мен бірқа­тар бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері бар. Ал 30 шілде күні Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Куала-Лумпурдегі ХОК-тың баспасөз орталығында журналистермен халықаралық баспасөз мәслихатын өткізді. Ол үміткер қаланың мэрі ретінде Ойынға байланысты жасалғалы жатқан жұмыстардың ауқымына тоқталып, жиналғандар қойған көптеген сұрақтарға жауап берді. Осы жерде спикер ретінде Андрей Крюков тағы сөйледі. Олардың сөздерін Қазақстан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов жалғастырып әкетті. Сол жерде айтылған деректердің арасында еліміздің бұл жолғы бәсірелі бәсекеге 4 миллиард доллардан артық қаржы жұмсағалы отырғаны да су бетіне қалқып шыға келді. Егер мұның алдында Ресейдің Сочидегі Ойындарды өткізу үшін 50 миллиард доллардың үстінде қаржы шығарғанын айтсақ, әрине, бұл соманың аз болып көрінуі де мүмкін. Бірақ бұл жерде көрші мемлекеттің Сочидегі спорт ареналары мен жарыс жолдарын ғана емес, сонымен қатар, осы қаланың аясына кіретін әлденеше ондаған елді мекендердің бірқатар бөліктерін, жарыстардың дені өткен Адлерді қайтадан салып шығып, жаңа теміржол желісін тартқанын еске түсіре кетсек, бұл шығындардың өзін өзі молынан ақтайтынын пайымдауымызға әбден болар еді», - делiнген аталмыш мақалада.

АҚШ-тың бiрнеше халықаралық корпорациясы жаһандық Интернеттiң желiсiн құру бойынша бiрiн-бiрi озып кетуге талпынуда, деп хабарлайды « Экспресс К » басылымы.

Бұл жарыс жақын бес жылдың iшiнде аяқталады. Олар ғарышқа 700 жерсерiк ұшырмақ, осының арқасында тегiн Wi-Fi тiптi шөлдер мен тауларда қолжетiмдi болады. Осыған ұқсас жобаны Астанадан шыққан вундеркинд оқушы Ануар Абдрахманов та ойлап тапты.

«Ануар Абдрахманов биыл ғана мектеп бiтiрдi, бiрақ жаһандық Интернеттiң жобасын жасақтап шықты. Дегенмен ол арнайы тарату құрылғыларын спутниктерде емес, дирижабльдарда орнатуды ұсынуда. Оның есебi бойынша, аталмыш ұшу құрылғылары күн сәулесiнен қуат ала алады. Жыл дасында жарияланған Strato Project деп аталатын идеяға ұқсас жобаны жүзеге асыруды Google компаниясы бастап кеткен. Бұл компания Project Loon атты жобаны қаржыландыруда. Ол бойынша шағын зондтар 20 шақырым биiктiкке ұшырылады. Ал миллиардер Элон Маск барша Жердi тегiн интернетпен қамтамасыз ете алатын 700 спутниктi өзiмiздiң Байқоңырдан ұшыруды көздеуде», - делiнген «Тятя, тятя, наши сети притащили Google Map» атты мақалада.

Соңғы жаңалықтар