Нетаньяху соғыс кезінде БАӘ-ге барғанын мәлімдеді – Абу-Даби мұны жоққа шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль премьер-министрінің кеңсесі Биньямин Нетаньяхудің Иранмен соғыс кезінде Біріккен Араб Әмірліктеріне жасырын барып, осы елдің басшысымен келіссөз жүргізгенін мәлімдеді. Ал БАӘ билігі бұл ақпаратты «мүлдем негізсіз» деп атады. Бұл туралы ВВС жазды.
Израиль мен АҚШ Иранға қарсы жүргізіп жатқан соғыс барысында Иран әскері бірнеше рет БАӘ аумағына соққы жасаған. Сондай-ақ Тегеран Әмірліктер билігін АҚШ пен Израильмен тым жақын байланыста деп үнемі сынап келеді.
Сәрсенбі кешінде Нетаньяху кеңсесі X әлеуметтік желісінде қысқа хабарлама жариялап, онда Израиль премьері мен БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян арасындағы кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынаста «тарихи серпіліске» алып келгені айтылған.
Көп ұзамай БАӘ Сыртқы істер министрлігі Израиль таратқан ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
– БАӘ Израильмен қарым-қатынасы ашық сипатта екенін, оның негізінде баршаға белгілі әрі ресми түрде жасалған Авраам келісімдері жатқанын атап көрсетеді. Бұл байланыстар жабық немесе бейресми уағдаластықтарға негізделмеген. Сондықтан БАӘ билігі ресми түрде жарияламаған кез келген құпия сапарлар немесе жасырын келісімдер туралы мәлімдемелер мүлдем негізсіз, – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Авраам келісімдері — Израиль, БАӘ және бірнеше араб мемлекеті арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге бағытталған құжаттар. Олар 2020 жылы Дональд Трамп президенттігінің алғашқы кезеңінде қол қойылған.
Reuters агенттігі ақпараттанған дереккөзге сілтеме жасап, Нетаньяху мен БАӘ президенті арасындағы кездесу Оман шекарасына жақын орналасқан Эль-Айн қаласында өткенін және бірнеше сағатқа созылғанын хабарлады.
БАӘ сыртқы саясат ведомствосының мәлімдемесі жарияланар алдында ел президентінің кеңесшісі Анвар Гаргаш Абу-Дабидің мәселелерді саяси және дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтынын, бірақ өзін қорғау құқығын сақтайтынын айтқан.
Еске сала кетсек, жақында Израиль 2023 жылғы 7 қазандағы атыс үшін өлім жазасын тағайындайтын заң қабылдады.