«Невада-Семей» қозғалысының арқасында 5 алып ядролық полигон жабылды - Б.Сапарбаев

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев конференция бір мақсатты - ядролық қарусыз әлемді көздейтін 17 елдің өкілі мен 20 халықаралық және қоғамдық ұйымның басын қосқанын атап өтті.
«25 жыл бұрын «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалыс пайда болған Қазақстан жерінде жиналып отырмыз. Қазақстандықтар ядролық қарудың орны толмас зардабын бастан кешірді. 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ядролық полигон жабылып, ондағы ядролық қару жойылған соң Қазақстан күллі әлемге ядролық қарусыз, оның таралуына қарсы елдердің бірі екенін дәлелдеді», - деді ШҚО әкімі. - Жарлыққа қол қойылғаннан кейін ядролық қарулану бәсекесі тоқтап, ондаған миллион адамның өмірі құтқарылды. «Невада-Семей» қозғалысының және әлемдік қоғамдастықтың талпыныстарының арқасында бес ядролық полигон жабылды». Қатысушылардың пікірінше, шығысқазақстандықтар - ядролық қарусыздану қозғалысындағы ең белсенділері. Өйткені ядролық сынақтардың тоқтатылуы, Семей полигонының жабылуы, ядролық қарудан бас тарту, Орталық Азияны ядролық қарудан еркін аймақ деп жариялауы, Елбасы Н.Назарбаевтың 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттер күні деп жариялау бастамасы - бұл оқиғалардың барлығы Семей аймағымен тікелей байланысты.