Невададағы ірі өртке байланысты 90 мыңға жуық адам эвакуацияланады
АСТАНА. KAZINFORM — Невада штатының Рино қаласы маңында тез таралып жатқан орман өртіне байланысты 90 мыңға жуық адамға эвакуациялау туралы ескерту берілді. Өрт үйлерді жалмап, 6 адам жарақат алды, деп хабарлайды AP.
«Хок» деп аталған өрт сенбі күні Рино қаласының солтүстік-батысында басталған. Қатты жел жалынның тез таралуына себеп болған. Өрт салдарынан үш тұрғын мен үш жедел қызмет қызметкері зардап шекті. Бірнеше ғимарат қирады.
Өрттің таралу қаупіне байланысты шамамен 42 мың тұрғын үйлерін тастап кетті. Эвакуацияға дайын болу туралы ескерту берілген аумақта тағы 45 мың адам тұрып жатыр.
Өртті сөндіруге шамамен 800 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Невада губернаторы Джо Ломбардо Уошо округінде төтенше жағдай жариялап, көмек көрсету үшін штаттың Ұлттық гвардиясын тартты.
Өрттің шығуына адам әрекеті себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.
Құрғақ ауа райы жағдайды қиындатып отыр. Тек сенбі күні Невадада тағы 15 орман өрті тіркелген.
Айта кетейік, Португалияда орман өртімен 2 мыңнан астам адам күресіп жатыр.