Нейрохирургтер неліктен озық маман саналады – ота бөлмесінен репортаж
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ми - бұл адам бойындағы ең нәзік орган. Ол ерекше күтімді қажет ететіні сөзсіз. Бүгінде анықталған мидың қатерлі ісктері көбейді. Бұл бағыттағы күрделі отаны тек жоғары білікті дәрігерлер жасай алады. Егер мысалы бауыр мен бүйректі трансплантациялау мүмкін болса, аталған өте нәзік органның емі мүлде басқа. Мұнда хирургтың ұқыпты және сапалы жұмысы ғана пациенттің өмірін сақтап қала алады. Елімізде ми мен омыртқаға күрделі ота жасайтын білікті нейрохирург-дәрігерлер тобы қалыптасқанын айта кеткен жөн. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі осындай операциялардың біріне қатысып көрді. ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасының нейрохирург-дәрігері Әскербек Сәдуақасов өз жұмысының қыр-сыры туралы айтып берді.

«Клиникаға эпилепсиямен ауыратын науқастар жиі түсе бастады»
Біз бұл операцияға күндіз сағат 12:00 шамасында кірдік. Дегенмен ол таңертең басталып кеткен еді. Нейрохирург дәрігерлер тобымен бірге ота үстелінде қозғалыссыз жатқан науқастағы эпилепсия ауруының ошағын алып тастауға кірісті. Дәрігер Әскербек Сәдуақасовтың айтуынша, клиникаға осы диагнозбен науқастар жиі түсе бастаған.

«Бұл науқас желке-самай эпилепсиясы диагнозымен түсті. Яғни, бұл пациентте дәрілік препараттардың көмегімен тоқтату мүмкін емес жиі эпилепсия ұстамалары болады. Магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппаратында тексерістен өткеннен кейін, оны эпилептологтар мен нейрорадиологтар қарады. Содан соң науқасқа операция жасау туралы шешім қабылданды. Біз эпилепсия ошағын алып тастаймыз. Бұл ұстамалардың жиі болуын тоқтатуға мүмкіндік береді», - дейді нейрохирург.
Дәрігер ең бастысы науқасқа қажетті медициналық көмекті көрсетіп, оның денсаулығына зиян келтіріп алмау керектігін атап өтті.

«Бұл - кез келген хирургтың басты мақсаты. Эпилепсия дерті тек пайда болған ісіктерге ғана байланысты емес. Мұны барлық маман көріп, байқай бермейді. Нақты аурудың ошағы қай жерде екенін, ұстамалардың қандай түрі болуы мүмкін екенін растайтын басқа зерттеу әдістерімен салыстыру керек. Алты жыл жұмыс істеп, эпилепсия орталығын аштық. Бұл - Қазақстандағы жүйелі емдеу және тек осы бағыттағы оталар жасаумен айналысатын жалғыз орталық деп есептеймін», - деді Әскербек Сәдуақасов.
Эпилепсияның түрлі белгілері болуы мүмкін
Операция бөлмесінде хирургтан басқа мамандар болды. Олар - ассистент, санитар және кейінірек эпилептолог қосылды. Бұл нейрохирург үшін әдеттегі операциялардың бірі болғанымен, ота алдында науқасты мұқият дайындау және тексеру қажет. Дәрігер операция үшін барлығы дайын екеніне көз жеткізген кезде мамандар жұмысқа кіріседі. Көп нәрсе науқастың көңіл-күйіне де байланысты. Операция алдында дәрігерлер науқасқа барлығын ой таразысына салып, ойланып, тек содан кейін ғана шешім қабылдауға кеңес береді. Алайда, кейбір жағдайларда науқастардың ойлануға уақыты болмайды. Өйткені, оның өзі үшін де, дәрігер үшін де уақыт тапшы болады.

«Науқастарға отадан кейінгі жағдайы қалай болатынын толық түсіндірсең ғана олар операция жасауға келісім береді. Эпилепсия ұстамалары жиілеп немесе оның белгілері адам өміріне қауіп төндірсе, онда операция туралы шешім қабылдауға болады. Егер науқас әлеуметтік ортада қалыпты жүріп-тұра алмаса, қызмет етуіне ауруы кедергі келтірсе - бұл жағдайда операция жасалуы керек. Кейбір науқастар дертіне қарамастан, күнделікті тіршілігін жалғастыра береді. Аталған ауру олардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндірмейді. Мұндай кезде науқастарға ота жасалмайды. Өйткені, олардың өмір сүру сапасына ол айтарлықтай әсер етпейді», - деп түсіндірді эпилептолог Жасұлан Өтебеков.
Маманның айтуынша, эпилепсия кенеттен пайда болмайды. Оның белгілері балалық шақта байқалады.

«Жүктілік кезінде әйелдің организмінде болуы мүмкін инфекциялар оның денсаулығына теріс әсер етеді. Салдарынан баланың миы зақымданады. Тиісінше, ол эпилепсия ауруына ұласуы мүмкін. Эпилепсия ұстамаларының 200-ден астам түрі бар. Сондықтан эпилептологтың міндеті – бұл симптомдарды ажырата білу. Олар әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, сіз көзіңізді жыпылықтата берсеңіз – бұл да эпилепсияның белгілері болуы мүмкін. Дегенмен, әрбір көзді ашып-жұмған әрекетті эпилепсия деп санауға болмайды. Сондықтан барлық көріністер қосымша зерттеледі. Диагностиканың сапасы артқан сайын, дертті анықтау көрсеткіші де жеңілдейді», - деп атап өтті эпилептолог.
Отадан кейінгі 4 нәтиже
Егер бұрын адамдар өз ауруын жасыратын болса, қазір азаматтар өздерінен эпилепсия белгілерін байқаса, оны ашық айтады. Сондай-ақ, операция алдында науқасқа оның денсаулық жағдайы туралы егжей-тегжей мәлімет беріледі.

«Хирургиялық кезеңде аталған эпилепсия ошағын біз алдын ала талқылап аламыз. Сонымен қоса, ота жасалған науқасты біз бір жыл ішінде бақылауда ұстаймыз. Егер осы кезеңде науқаста ұстамалар болмаса, онда операция көмектесті дегенді білдіреді. Операциядан кейін төрт нәтиже болуы мүмкін. Бірінші нәтижеде - эпилепсия қайталанбайды. Екінші нәтиже – ұстамалар сирек болады. Үшіншіден, ұстама қазіргіден әлдеқайда аз, бірақ сақталады. Төртіншісі – ота жасалған науқастардың 5 пайызында бұрынғы жағдай қайталанады. Яғни, операциядан нәтиже жоқ. Осы ота аяқталғаннан кейін біз бірнеше тексеру жүргіземіз. Атап айтқанда, аурудың қайталану қаупін бағалаймыз. Дегенмен нәтижені біз тек 12 айдан кейін ғана білеміз. Сондықтан отаның бұл түрін кез кезлген хирург сапалы жүргізе алмайды. Бұл жерде командалық жұмыс қажет», - деп түсіндірді хирург.

Командалық жүйелі әрі сапалы ұйымдасқан жұмыс қана күрделі нейрохирургиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Эпилептологтардан басқа, ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасындағы нейрохирургиялық бригадада невропатологтар, нейрорадиологтар, нейроанестезиологтар, нейрохирургтер, нейрореабилитолог мамандар қызмет етеді.
«Бізде нейрохирургиялық оталарды жасауға және тексеріс жүргізуге мүмкіндік беретін қажетті құрал-жабдықтар мен мамандар бар. Біздің бөлім эпилепсияның өзге де түрлерін, мидағы ісіктерді емдеумен айналысады. Біздің бөлімшенің басшысы нейрохирургия бойынша сапалы қызмет тек біздің қалада ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның әр өңірлерде болғанын көздейді. Облыстарда және шетелдерде шеберлік сабақтарын өткізеді. Күзде Өзбекстаннан нейрохирургтер келді. Тәжірибе алмасып, екі емхананың мүмкіндіктеріне баға бердік», - дейді нейрохирург.

Бүйрек пен бауырды трансплантациялауға болады, ал ми - өте нәзік орган
Мамандардың айтуынша, қазір нейрохирургиялық аурулар жастар арасында да жиі кездеседі.
«Бұрын ми ісіктері егде жастағы адамдарда анықталатын. Қазір біз жастар арасында да ми ісігінің жиі кездесетінін көріп отырмыз. Мұндай жағдайлар өте көп. Ең алдымен, нейрохирургия науқастың өмірін сақтап қалуға арналған. Ми бізге туғаннан бастап беріледі және оны алмастыра алмаймыз. Сіз жүректі ауыстыра аласыз, донор таба аласыз. Сіз басқа біреудің бүйрегін немесе бауырын трансплантациялай аласыз. Ал ми - өте нәзік орган. Біз халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейміз. Медицина бір орында тұрмайды. Қазақстанда әрбір нейрохирург осы бағыттың дамуына үлес қосып келеді. Елге жаңа, заманауи технологиялар әкелінеді. Нейрохирургия толығымен зерттелмеген, оны зерттеу, дамыту қажет. Мен дәрігерлер пациенттің шетелге бармай, өз елімізде емделуі үшін тер төксе деп тілеймін», - деп тоқталды нейрохирург-дәрігер.

Әскербек Сәдуақасов ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирургтер тобына 2016 жылы қосылды. Осы кезеңде ол бірнеше сәтті операция жасап үлгерді. Жас кезінде ол әртүрлі мамандықта өзін сынап көрген. Дегенмен, саналы сараптай келе, нейрохирург болуға бел шешкен.

«Бала кезімде заңгер немесе адвокат боламын деп ойлайтынмын. Бірақ бір күні мен ауруханаға түстім. Сол жерден талапкерлерге арналған жарнаманы көрдім. Қазақ мемлекеттік медицина академиясы оқуға шақырып жатыр екен. Содан кейін мен дәрігер болғым келді және таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Менің ағам да нейрохирург. Ол студент кезімде нейрохирургия бөліміне санитар болып жұмысқа орналасуды ұсынды. Екі жыл санитар болып жұмыс істедім. Еден жуып, емделушілерге күтім жасап жүргенім өзіме ұнады. Нейрохирургиядан басқа салаға барғым келмеді. Бұл сіз өте жақсы көретін және одан бас тарта алмайтын дәмді круассан сияқты», - деп бөлісті нейрохирург.

Ми мен омыртқаға жасалатын ота өзге де аурулардың пайда болуына алып келуі мүмкін. Науқасты дереу дайындау, қауіп пен мүмкіндікті бағалау және операциялық қолдау - көпсалалы аурухананың басты артықшылықтарының бірі. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері жұмыста бір ғана басты қағиданы негізге алады – ол пациенттің денсаулығы бәрінен жоғары. Тиісінше, сәтті операциялар саны көбірек болуы үшін бар күш-жігерін салады.

