Нидерланд Қазақстанға 20 жылда 124 млрд доллар инвестиция салды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Нидерланд арасындағы тауар айналымы 2025 жылы 11 пайызға өсіп, 6 миллиард долларды асты. Бұл Астанада өткен Қазақстан–Нидерланд Іскерлік кеңесінің II отырысында жарияланды.

Нидерланд Қазақстанға 20 жылда 124 млрд доллар инвестиция салды
Коллаж: Kazinform

Іс-шараға екі ел елшілері, Сыртқы сауда палатасы, БеНиНюкс сауда палатасы, сондай-ақ іскер топтарының өкілдері қатысты. Отырыста сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың нәтижелері қорытындыланып, болашақ ынтымақтастық бағыттары айқындалды.

Нидерланд 2005–2025 жылдары аралығында Қазақстан экономикасына 124 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция салды. Қазіргі уақытта елімізде нидерланд капиталының қатысуымен 700-ден астам компания жұмыс істейді.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Басқарма төрағасы міндетін атқарушы Дана Қасымова отырыста Нидерландының маңызын атап өтті.

— Бүгінгі кездесу Қазақстан мен Нидерланд кәсібінің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген өзара жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте дәлелдейді. Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен Нидерландының инновациялық тәжірибесінің үйлесуі жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға берік негіз қалыптастырады деп сенеміз, — деді ол.

Қазақстан Нидерландыға негізінен мұнай, ферроқорытпалар және титан экспорттайтын болса, Нидерландыдан дәрілік заттар, медициналық жабдықтар, машиналар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаймыз.

Айта кетейік, Қазақстан мен Нидерланд арасындағы тауар айналымы 6 млрд долларға жеткенін хабарлаған едік.