Нидерланд министрлері Израильге қатысты даудан кейін отставкаға кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Нидерландтың Сыртқы істер министрі, центристік «Жаңа қоғамдық келісім» (NSC) партиясының өкілі Каспар Велдкамп Израильге қарсы санкциялар жөніндегі даудан кейін отставкаға кетті. Бұл туралы ол ANP агенттігіне берген сұхбатында хабарлады. Велдкамптың қадамынан кейін оның партиясынан барлық министрлер қызметтерін тастады, деп жазады DW.

Алайда dpa агенттігінің мәліметінше, бірқатар министрдің қызметінен кетуі Нидерланд ішкі саясатына айтарлықтай әсер етпейді. Себебі бұған дейін-ақ биліктегі коалиция оңшыл-популистік «Еркіндік партиясы» (PVV) шыққаннан кейін көпшілікке ие болмай қалған еді. Қазір партиясы жоқ премьер-министр Дик Схоф басқаратын үкіметте тек оңшыл-либералдық «Бостандық пен демократия үшін халықтық партия» (VVD) мен оңшыл-популистік «Фермерлік-азаматтық қозғалыс» (BBB) ғана қалды.
Израиль төңірегіндегі дау-дамай
Бұған дейін Каспар Велдкамп Газа секторындағы операция аясында Израиль үкіметіне қатысты қатаң шаралар қолдану қажеттігін мәлімдеген болатын. Алайда ол бұл мәселе бойынша коалиция серіктестерінен қолдау таппағанын айтты.
Шілде айының соңында Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир мен қаржы министрі Бецалель Смотрич Нидерландта persona non grata деп жарияланды. Оларға палестиналықтарға қарсы бірнеше мәрте зорлық-зомбылыққа шақырды деген айып тағылды.
Сондай-ақ Нидерланд үкіметі Бен-Гвир мен Смотричті Шенгеннің SIS деректер базасына «Шенген аймағына кіруі қалаусыз шетелдік азаматтар» ретінде енгізуді көздеген.
ХАМАС-тың Израильге шабуылы және оның салдары
Таяу Шығыстағы жағдай 2023 жылғы 7 қазанда күрт ушығып кетті. Еуропалық одақ пен АҚШ-та террористік ұйым деп танылған ХАМАС қозғалысы Израильге ауқымды шабуыл жасады. Боевиктер жаппай зымырандық соққы беріп, ел аумағына баса көктеп кірді және қазіргі Израиль мемлекеті тарихындағы бейбіт халыққа жасалған ең қанды қырғынды ұйымдастырды. Шамамен 1200 адам қаза тапты. Сонымен қатар, 250-ден астам адамды тұтқындап, Газадағы анклавқа алып кетті. Кейбір тұтқындар айырбасталды немесе босатылды, бір бөлігі қаза тапты.
Израиль жауап ретінде ХАМАС-қа соғыс жариялады. Құрлықтағы операциялар мен Газа секторына жасалған әуе шабуылдары нәтижесінде 62 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 157 мыңнан астамы жараланды, деп хабарлайды ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі. Алайда аталған деректердің қалай жасалғаны белгісіз: мысалы, қаза тапқандардың арасында қанша исламистік жасақ болғаны немесе ауруханалардағы табиғи өлім-жітім есепке алынған-алынбағаны көрсетілмеген.