Нидерланд тұрғындары қай партияға дауыс берді
АСТАНА. KAZINFORM – Нидерландыдағы парламенттің кезектен тыс сайлауында «D66» солшыл либералды партиясы алдыңғы сайлауға қарағанда үш есе көп дауыс жинады. Нидерландыдағы негізгі саяси оқиғалардың өрбуін Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі баяндайды.
Дауыс беру нәтижесінде «D66» еуропашыл партиясы Парламенттің төменгі палатасында Герт Вилдерстің оңшыл популистік «Бостандық партиясымен» бірдей дауыс жинап, бірінші орынды бөлісті. Екеуі де 16,7% дауыс жинады және арасындағы алшақтық бар-жоғы 2 мың дауысты құрады.
Герт Вилдерстің «Бостандық партиясы» 16,7% дауыс жинағанына қарамастан, бұл сайлау оған саяси соққы болды. Бұдан нидерландықтардың оңшылдардың саясатынан шаршағанын аңғаруға болады.
Парламент палатасында бар болғаны 150 орын бар: «Бостандық партиясы» мен D66 партиясына - 26 мандаттан, Бостандық пен демократияны қолдайтын Халық партиясына (VVD) - 22 және Фермерлік-азаматтық қозғалысқа (ВВВ) - 4 мандат беріледі.
«Христиандық-демократиялық үндеу» (CDA) оңшыл-орталық саяси партиясының мандат саны 5-тен 18-ге дейін, ал JA21 ультраоңшыл партиясының мандат саны 1-ден 9-ға дейін артады.
Бұл Нидерландының кейінгі жылдардағы тарихындағы ешбір партия 30 мандат ала алмаған алғашқы сайлау болды.
Өз кезегінде, Еуропа астанасы саналатын Брюссель Нидерландыдағы парламенттік сайлаудың қорытындысына оң көзқарас танытты. Себебі «D66» көшбасшылары Еуроодақ басшылығы мен сыртқы саясаттың еуроцентристік идеяларын жақтайды.
Сайлаушылардың D66-ны неге қолдады?
Нидерландыдағы респонденттер атап өткендей, «D66» өкілдері «Бостандық партиясының» оңшылдары жиі қолданатын популистік мәлімдемелерге сүйене отырып, сайлау науқанын сауатты ұйымдастыра алды. Ол жерде заңсыз көші-қонға қарсы күрес және жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі көтерілген.
Елдің аумағы шағын болғандықтан мұнда әр шаршы метрдің бағасы шарықтап тұр. Сол себепті тұрғын үй мәселесі (housing crisis) нидерландықтардың көпшілігі үшін өткір әлеуметтік мәселеге айналған. Осы орайда «D66» жетекшісі Роб Йеттеннің «10 жаңа қала» салу және қолжетімді баспана туралы сөзі сайлау алдында оң әсерін берді.
Екіншіден, қоғамның бір бөлігі жергілікті саясаткерлерге де, елдің мұсылман қауымына да қатал мәлімдемелер жасаудан қорықпайтын Герт Вилдсер үшін алаңдаушылық сезінуі мүмкін. Әдетте жергілікті нидерландықтар ішкі саясатта тұрақтылык пен үйлесімділік болғанын қалайды. Оған қоса жасы егделеп қалған Г.Вилдерске қарағанда көпшіліктің көңілі либералдардың жас көшбасшысы Роб Джеттенге көбірек ауатыны байқалады.
Роб Арнольдус Адрианус Йеттен 1987 жылы 25 наурызда дүниеге келген. Нидерландтың саяси және мемлекет қайраткері, Нидерландының Өкілдер палатасының мүшесі (2017-2022, 2023 жылдан бастап). Бұған дейін Нидерланды премьер-министрінің бірінші орынбасары және климат және энергетикалық саясат министрі болған.
Парламенттік сайлаудың ресми нәтижелері 7 қарашада жарияланатыны белгілі. Алайда, жеңіске жеткен кандидаттар парламентте көпшілік коалиция құруға мәжбүр болатыны анық. Ол үшін D66 басқа ірі бірлестіктердің қолдауына ие болуы керек. Сонымен, коалицияға бостандық пен демократия үшін Халық партиясы (VVD) және «GreenLeft-Labor» солшыл орталық партиясы кіре алады.
Осылайша, Р. Джеттен Еуропалық Одақтағы «ең жас» премьер-министр атануы мүмкін.