Нидерландыда динозавр тінінен алынған материалдан тігілген сөмке аукционға қойылады

АСТАНА. KAZINFORM — Нидерландыда ғалымдар мен дизайнерлер Tyrannosaurus rex қазба қалдықтарынан алынған коллаген қолданылған инновациялық материалдан жасалған сөмкені таныстырды. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Нидерландыда динозавр тінінен алынған материалдан тігілген сөмке аукционға қойылады
Фото: БЕЛТА

Агенттік мәліметіне сүйенсек, көгілдір түсті бұйым Амстердамдағы Art Zoo музейінде динозавр макетінің астында 11 мамырға дейін көрмеге қойылады. Осыдан кейін ол бастапқы бағасы 500 мың еуродан асатын аукционға шығарылмақ.

Жоба авторларының айтуынша, материал ежелгі қазба қалдықтарынан алынған ақуыз фрагменттері негізінде жасалған. Бұл фрагменттер жануар жасушаларына енгізіліп, одан коллаген өндірілген, кейін ол теріге ұқсас материалға айналдырылған.

The Organoid Company компаниясының басшысы Томас Митчелл мұндай материалды әзірлеу барысында көптеген техникалық қиындықтар туындағанын мойындады. Оның сөзінше, жоба зертханада өсірілетін былғарының дәстүрлі материалдарға қарағанда экологиялық балама бола алатынын көрсетуге бағытталған. Жұмысқа VML және Lab-Grown Leather компаниялары да қатысқан.

Сонымен қатар бірқатар ғалымдар «тираннозавр терісі» деген атауға күмән келтірді. Амстердам еркін университетінің палеонтологы Мелани Дьюринг динозавр сүйектеріндегі коллаген тек ұсақ фрагменттер түрінде ғана сақталатынын, оның теріні толық қайта жасауға жеткіліксіз екенін айтты.

Осыған ұқсас пікірді Мэриленд штаты университетінің палеонтологы Томас Холц та білдірді. Оның айтуынша, қазба қалдықтарынан табылған коллаген сүйек тінінен алынған және теріге тән құрылымға ие емес.

Сын пікірлерге жауап берген Томас Митчелл мұндай көзқарастарды «ғылыми ізденістің негізі» деп бағалап, жоба динозавр қалдықтарынан алынған коллаген негізіндегі материал жасауға барынша жақындағанын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, заңсыз шығарылған динозавр қалдықтары Франциядан Моңғолияға қайтарылады. 

Сондай-ақ жасанды интеллект динозаврларды ізінен анықтауды үйренді.

Ал Pokemon картасы аукционда 16,5 миллион долларға сатылып, әлемдік рекорд орнатты.