Нидерландта Батыс Ніл вирусын жұқтырған 28 адам анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Нидерландта Батыс Ніл вирусын 28 адам жұқтырған. Олардың төртеуі көз жұмған. Бұл туралы БЕЛТА Нидерландтың Қоғамдық денсаулық сақтау және қоршаған орта ұлттық институтының (RIVM) деректеріне сілтеме жасап хабарлады.

Нидерландта Батыс Ніл вирусын жұқтырған 28 адам анықталды
Фото: Pexels

Қазіргі таңда инфекция жұқтырғандардың барлығы ауруханада жатыр. Көп жағдайда диагноз науқастар ауруханаға ауру белгілерімен түскеннен кейін расталған.

Қайтыс болғандардың біріне вирус қан құю кезінде жұққан. Дәрігерлердің мәліметінше, донор қан тапсырғаннан кейін бір аптадан соң ауру белгілерін көрсеткен. Ол бұған дейін шетелге шықпаған. Осыған байланысты мамандар инфекцияның Нидерланд аумағында жұққан деген қорытындыға келген.

Тамыз айынан бері елдің әртүрлі аймақтарында Батыс Ніл вирусының таралып жатқанына дәлелдер анықталды.

Инфекция жұқтырған адамдардың басым көпшілігінде — шамамен 80%-ында — ешқандай ауру белгілері байқалмайды. Тағы 19%-ында дене қызуының көтерілуі, бас ауруы және бұлшықет ауыруы сияқты тұмауға ұқсас жеңіл белгілер пайда болады. Ал шамамен 1%-ында ауру ауыр өтіп, өмірге қауіп төндіретін асқынуларға әкелуі мүмкін.

Нидерланд аумағында адамдардың Батыс Ніл вирусын жергілікті жерде жұқтыру жағдайлары соңғы рет 2020 жылы тіркелген. Сол кезде инфекция 10-нан аз адамнан анықталған.

Бұған дейін Анадолы агенттігі Грекияның Аттика аймағындағы 33 муниципалитетте, сондай-ақ Фессалия, Орталық Македония, Мрамор теңізі маңы, Орталық Грекия және Крит өңірлерінде Батыс Ніл вирусы анықталғанын хабарлаған.

2018 жылы Грекияда Батыс Ніл вирусын жұқтырған 317 адам тіркеліп, олардың 51-і қайтыс болған. Биылғы жылы ауру жұқтырғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Батыс Ніл вирусы деген не?

Батыс Ніл қызбасы — жедел вирустық зооноздық ауру. Ол адамға негізінен вирусты жұқтырған масалардың шағуы арқылы беріледі. Кенелер де вирусты тасымалдаушылардың қатарына жатады.

Вирус адамнан адамға тікелей берілмейді.

Батыс Ніл вирусының табиғи ошақтары Африка, Америка, Еуропа және Азияның 90-нан астам елінде кездеседі.

Бұған дейін Эбола індеті Конгоның жеті провинциясына тарағанын жаздық.