Нидерландтағы мұражайда жарылыстан кейін көне алтын дулыға ұрланды

АСТАНА. KAZINFORM – Дренце мұражайынан ұрланған басты артефакт Румынияның Ұлттық тарих мұражайынан несиеге алынған Коцофенешти алтын дулығасы болды, деп хабарлайды euronews.com.

Древний золотой шлем похитили после взрыва в музее в Нидерландах
Фото: x.com/Lucius_Gellius

Ұрылар Ассен қаласындағы Дренце мұражайына кіру үшін жарылыс ұйымдастырып, бұл оларға «Дакия – алтын мен күміс патшалығы» деп аталатын ірі көрмеден бірнеше артефактілерді ұрлауға мүмкіндік берді.

Полицияның мәліметінше, сенбі күні таңертең мұражайда күшті жарылыс болып, есіктер мен терезелер ұшып, жақын маңдағы ғимараттарға зақым келген.

Біздің дәуірімізге дейін 450 жылға жатқызылатын Коцофенештидің алтын дулығасы фракиялық-геттік зергерлік өнердің шедеврі саналады. Ол демалыс күндері жабылған көрменің басты экспонаттарының бірі болды.

Көрмеге сонымен қатар Румынияның 15 мұражайынан алынған 600-ден астам алтын және күміс заттар қойылды. Дакия империясы қазіргі Румыния аумағында болды, елдің ұлттық мұражайы қазір өзінің негізгі экспонаттарынан айырылды.

- Бұл Ассендегі Дренце мұражайы мен Бухаресттегі Румынияның Ұлттық тарих мұражайы үшін ауыр күн. Мұражай ашылғалы 170 жыл ішінде мұндай ірі оқиға бұрын-соңды болмаған. Бұл Румыниядағы әріптестерімізді де қатты қынжылтады, - деді Дренце мұражайының бас директоры Гарри Тупан.

Тергеу амалдарына көрші елдердің құқық қорғау органдары, сондай-ақ Интерпол жұмылдырылды.

Осыған дейін Greenpeace ұйымының Нидерландқа қарсы сотта жеңіске жеткені турал жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар