Нигердегі әскери төңкеріс ұйымдастырушылар елдегі жағдайдың конституциялық ережеге оралатынына «кепілдік» берді
АСТАНА. Ақпанның 22-сі. ҚазАқпарат - Өткен бейсенбі күні мемлекеттік төңкеріс жасап, елдің қазіргі президенті мен үкіметін тағынан тайдырған әскери төңкерісшілер елдегі жағдайдың конституциялық тәртіпке қайтып оралатынына және жаңа конституция жасалатынына кепілдік берді.
Бұл туралы Батыс Африка елдерінің экономикалық қоғамдастығы комиссиясының (ЭКОВАС) төрағасы Мохаммед ибн Чамба жексенбі күні Нигер елордасы - Ниамей қаласында мәлім етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі. Мохаммед ибн Чамба «жағдайды өз көздерімен көру үшін» Ниамейге келген БҰҰ эмиссарлары мен африкалық ұйымдардың аралас делегациясының құрамында келіп отыр.
«Бз хунта мүшелерімен кездесіп, елді тезірек конституциялық тәртіпке қайтарудың жолдарын талқыладық»,- дейді Чамба мырза. Оның айтуынша, төңкерісшілер солай етуге кепілдік беріп, «бұл үдеріске саяси партиялар мен азаматтық қоғамдарды кеңінен тартуға уәде берді».
Нигерде әскерилер ел президентін кепілдікке алғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Олар президент пен бірнеше министрді президенттік сарайдан алып шығып, ел астанасы Ниамей қаласының шетіндегі казармаларға алып кеткен.
Дерек көздердің айтуынша, министрлер кеңесінің жиналысының үстіне әскерилер басып кірген, президенттік сарайды басып алған және ел президенті Танджуды кепілдікке алған. Елдегі саяси дағдарыс өткен жылдың тамыз айынан бері созылып келеді. Нигер Президенті Мамаду Танджа президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін де билік басында қалу мүмкіндігіне ие болу үшін, оппозицияның наразылығына қарамастан, Конституцияға өзгерту енгізген еді. Танджа президенттіктің екі мерзімінен кейін желтоқсан айында өкілеттігін тапсыруы керек болатын, бірақ ол сайлаусыз билік басында тағы үш жылға қалу мүмкіндігін тауып отыр.