Нигерия президенті қауіпсіздік саласында төтенше жағдай жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Нигерия президенті Бола Тинубу сәрсенбі күні бүкіл елде қауіпсіздік саласында төтенше жағдай жариялады. Бұл шешім елдегі террористік актілер мен адам ұрлау оқиғаларының жиілеуімен байланысты, деп хабарлайды Синьхуа.

Нигерия
Фото: Синьхуа

Өз мәлімдемесінде Бола Тинубу полиция мен әскер қауіпсіздік жағдайына байланысты қосымша қызметкерлерді тартатынын айтты.

Президенттің сөзінше, полиция қатарына қосымша 20 мың қызметкер алынатын болады.

— Бұл еліміздегі төтенше жағдай, және біз жағдайға жауап ретінде қосымша күштерді орналастырып жатырмыз, әсіресе қауіпті аудандарда, — деді ол.

Б. Тинубу Ұлттық жастар қызмет корпусының лагерьлерін уақытша оқу базалары ретінде пайдалануға рұқсат берді және VIP-қауіпсіздік бөлімдерінен шығарылған офицерлерге дереу қарқынды қайта даярлықтан өтуін тапсырды.

Сонымен қатар, ол арнайы полицияға орман күзеті қызметкерлерін елдің қауіпті аймақтарындағы орман-тоғайларға дереу жіберуді және қосымша мамандар тартуды тапсырды. Мақсат — ормандарда жасырынған террористер мен бандиттерді анықтап, олардың жасырынуына жол бермеу.

Еске салсақ, 18 қарашада Нигерияда содырлар 25 оқушы қызды ұрлап, мұғалімін өлтіріп кеткен еді.

Кейіннен қарулы адамдар тағы 300-ден астам баланы ұрлап кеткені анықталды.

Бұдан бұрын Нигерия президенті Бола Тинубу жексенбі күні өткен аптада елдің орталық өңірінде ұрланған 89 адамның бостандыққа шыққанын ресми түрде растады.

Соңғы жаңалықтар