Нигерияда қарулы шабуылдан 14 шахтер қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Нигерияның солтүстік-батысындағы Замфара штатында алтын өндіретін шахтаға жасалған қарулы шабуылдан 14 шахтер қаза тауып, көптеген адам жарақат алды. Бұл туралы Анадолы жазды.

Нигерияда қарулы шабуылдан 14 шахтер қаза тапты
Фото: Анадолы

Шабуыл Мару ауданындағы Гобирава Чали ауылында болған. Шабуылдың нысаны — жергілікті алтын кен орындарының бірінде жұмыс істеп жүрген жұмысшылар болған.

Нигерия ұзақ жылдар бойы қарулы бандылар мен елдің әртүрлі аймақтарында әрекет ететін «Боко Харам» және «Батыс Африкадағы Ислам мемлекеті» (ISWAP) сияқты лаңкестік топтардың зорлық-зомбылық әрекеттеріне тап болып келеді.

Нигерияда адамдарды ұрлағаны үшін өлім жазасы қарастырылғанына қарамастан, елде ақша үшін адам ұрлау оқиғалары әлі де кеңінен таралған. Бандалар көбінесе елдің солтүстік аймақтарындағы ауылдарды, мектептерді және жолаушыларды тұтқынға алып, олар үшін төлем талап етеді.

Айта кетейік, бұған дейін Нигерияның орталық Плато штатында белгісіз содырлар тобының шабуылынан 40-тан астам адам қаза тапқанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар