Нигерияда содырлардың шабуылынан 15 фермер қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Нигерияның солтүстік-батысындағы Кебби штатында қарулы содырлар фермерлерге шабуыл жасап, 15 адам қаза тапты, тағы үшеуі жарақат алды. Бұл туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады, деп жазады Анадолы.

Оқиға Данко-Васагу округінде боған. БАҚ деректеріне қарағанда, фермерлер егістікке бара жатқанда Lakurawa атты топтың шабуылына ұшыраған.
Кебби штаты губернаторының орынбасары Умар Тафида оқиға орнына барып, қаза болғандардың отбасына көңіл айтты. Ол билік ауыл шаруашылығы жерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынын және фермерлердің өз жұмысын жалғастыруына мүмкіндік жасалатынын мәлімдеді.
Lakurawa тобы биылғы қаңтарда ресми түрде террористік ұйым деп танылған болатын. Нигерияда «Боко Харам» мен ISWAP сияқты қарулы топтар мен террористік ұйымдардың шабуылдары әлі де жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Нигерияның шығысындағы Бенуэ штатында бірқатар қарулы шабуылдан 23 адам қаза тапқанын жаздық.
БҰҰ Нигерияда 600 мыңнан астам бала аштықтан өліп кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.