Нимесилді жиі қолдану қаншалықты қауіпті және ол Еуропада неге сатылмайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар арасында бас ауырса да, тіс сыздаса да Нимесилді пайдалану әдетке айналған. Алайда бұл дәрінің бауыр мен асқазанға тигізер зардабы орасан екенін ескеретіндер аз. Дамыған елдердің көбі бұл препараттан бас тартқан немесе қолдануды қатаң шектеген.

Нимесилді жиі қолдану қаншалықты қауіпті
Фото: видеодан салынған скрин

Неге Нимесилді 5 күннен артық ішуге болмайды? Оның Еуропа мен АҚШ нарығынан шектетілуіне не себеп? Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында эндокринолог Ақбаян Марқамбаева түсіндіріп берді.

Маманның айтуынша, Нимесил – стероидты емес қабынуға қарсы препараттар тобына жатады. Оның ауырсынуды басу күші парацетамол мен аспириннен әлдеқайда жоғары болғанымен, ағзаға тигізер токсикалық әсері де соғұрлым ауыр.

– Көптеген науқастарымыз Нимесилді сөмкесіне салып жүріп, әр бас ауырған сайын ішуді әдетке айналдырған. Препарат қанға түскен соң 1,5–2 сағат ішінде ауырсынуды басады, бірақ сонымен бірге асқазанның шырышты қабатының қорғанысын бұзады. Егер гастриті бар адам оны ұзақ қолданса, ол ойық жара (язва) ауруына, тіпті асқазаннан қан кетуге әкеп соқтырады, – дейді Ақбаян Марқамбаева.

Дәрігердің айтуынша, Нимесилдің бүйрек пен бауырға тигізер зияны да ғылыми дәлелденген. Ол бүйрек арқылы судың шығуын тежеп, ағзада ісіну тудырады және гипертониясы бар жандарда қан қысымын көтереді. Ал бауыр жасушаларының зақымдануы екі аптадан артық қолданған жағдайда анық байқалады. Дәл осы себепті Еуропа елдері бұл дәріге сақтықпен қарайды.

– Мысалы, Финляндияда Нимесил қабылдаған 100-ден астам науқаста бауырдың ауыр зақымдануы мен қан кету жағдайлары тіркелген соң, бұл дәріні сатуға мүлдем тыйым салынған. Ал АҚШ пен Канадада бұл препарат мемлекеттік бақылау мекемелерінен рұқсат ала алмағандықтан, мүлде тіркелмеген. Бізде де заң бойынша бұл дәрі тек рецептпен босатылуы тиіс, бірақ дәріханалардың заңсыз рецептсіз сатуы халықтың денсаулығына қауіп төндіріп тұр, – деп атап өтті эндокринолог.

Дәрігер Нимесилді 12 жасқа толмаған балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге мүлдем қолдануға болмайтынын ескертеді. Препаратты қолданудың ең жоғарғы мерзімі 3-5 күн, ал тәуліктік мөлшері 100 мг-нан екі рет қана.

Сонымен қатар елде үндістандық дәріні пайдалануға тыйым салынғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум