Нобель институты: Бейбітшілік сыйлығын басқа адамға беру мүмкін емес
АСТАНА. KAZINFORM – Норвегия Нобель институты Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын басқа тұлғаға беру немесе бөлісу мүмкін еместігін мәлімдеді. Түсіндірме Венесуэла оппозициясының көшбасшысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мария Корина Мачадо сыйлықты АҚШ президенті Дональд Трампқа бергісі келетінін айтқаннан кейін жарияланды, деп хабарлайды DW.
Норвегия Нобель институтының сайтында жарияланған ресми мәлімдемеде Нобель сыйлығы лауреатының мәртебесі өзгермейтіні нақты көрсетілген.
– Нобель сыйлығы тағайындалғаннан кейін ол кері қайтарылмайды, бөлінбейді және басқа тұлғаларға берілмейді. Қабылданған шешім түпкілікті болып саналады және мәңгі күшінде қалады, – делінген институт хабарламасында.
Бұған дейін Мария Корина Мачадо Fox News телеарнасына берген сұхбатында Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын Дональд Трампқа бергісі келетінін немесе онымен бөлісуге дайын екенін айтқан. Оның сөзінше, бұл марапат «Венесуэла халқының сыйлығы» болып табылады және АҚШ президентінің Венесуэладағы саяси өзгерістерге ықпал еткен әрекеттерімен байланысты.
– Біз бұл сыйлықты оған бергіміз келеді және онымен бөліскіміз келеді. Оның жасағаны – тарихи қадам, бұл демократиялық өзгерістерге бастар жол, – деген болатын Мачадо.
Нобель институты бұл пікірлерге жауап ретінде халықаралық ережелерге сәйкес сыйлықтың тек лауреаттың өзіне тиесілі екенін және құқықтық тұрғыдан басқа адамға берілмейтінін тағы да нақтылады.
Айта кетейік, Нобель сыйлығының лауреаты Мачадо Венесуэладан қайықпен жасырын түрде қашып кетті.