Нобель сыйлығының иегері Мохаммади түрмеден ауруханаға ауыстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын алған ирандық құқық қорғаушы Наргиз Мохаммади денсаулығы күрт нашарлаған соң түрмеден ауруханаға ауыстырылды, деп хабарлайды DW

Нобель сыйлығының иегері
Фото: Magali Giardini / Picture Alliance

Иран билігі құқық қорғаушы Наргиз Мохаммадидің жағдайы тез нашарлағандықтан түрмеден медициналық мекемеге ауыстырды. Наргиз Мохаммади қорының хабарлауынша, оның денсаулығына қауіп төніп тұр. 

Дереккөздер Мохаммади Занджан қаласындағы түрмеде екі рет есінен танып, наурыз айының соңында жүрек талмасына ұшырағанын жазған.

Ол жуырда ғана үнемі кеуде тұсында ауырсыну барын айтып, қан қысымының жоғарылауына шағымданған. Сонымен қатар қысқа уақыт ішінде айтарлықтай салмақ жоғалтқан — шамамен 20 келі. Медициналық тексеру кезінде дәрігерлер оған жүруге көмектесуге мәжбүр болды

Наргиз Мохаммади 12 желтоқсанда қамауға алынғаннан кейін «жүйелі түрде медициналық көмек көрсетілмеуіне» байланысты 140 күн өткен соң ғана ауруханаға ауыстырылған.

Ол 25 жылдан астам адам құқықтарын қорғау саласындағы қызметі үшін Иран билігі тарапынан қудалауға ұшыраған. Бұған дейін бірнеше рет бас бостандығынан айырылған, ал биылғы жылдың басында сот оны қосымша 7 жылға соттады. 

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ол қамауға алыну кезінде және түрмеде болған уақытта қатігез қарым-қатынасқа тап болған.

Еске сала кетейік, Наргиз Мохаммади Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын 31 жылға сотталып, түрмеде отырған кезінде алды.

Әйелдер құқығы үшін және репрессияға қарсы күресімен танымал Наргиз Мохаммади былтыр жыл соңында 14-мәрте қамауға алынған болатын. Ол биыл ақпан айында 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.