Нөмірін жасырған жүк көліктерінің жүргізушілеріне қосымша жаза қарастырылып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев салмақ өлшейтін камералардан ауыр жүк тасымалдайтын карьерлік көліктер нөмірін бүркемелеп жасырып өткен жағдайда қосымша жаза болатынын айтты.

Дальнобойщики грузовые авто Жүк көліктері трасса дорога тас жол
Фото: Александр Павский/ Kazinform

- Астанаға кіретін жолдарға 7 камера (жүкті шамадан артық тиеген көліктерді анықтайтын) орнатылған. Жалпы, елорданың маңында 29 карьер бар. Қалаға кірген жүк көліктерін олар автоматты түрде өлшейді. Осы жүйені бастапқыда іске қосқан кезде, жүргізушілер көлік нөмірін бүркемелеп, жасыру әрекеттеріне барып жүрді. Кейіннен оларға айыппұл салынғаннан кейін, мұндай әрекеттер тоқтады. Атап айтқанда, олар шамадан тыс артық тиелген жүкті тасымалдап жатқан жоқ, - деді М.Қарабаев Сенатта жолдардың мәселесін талқылауға арналған Үкімет сағатынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол министрлік тиісті заңнамалық өзгеріс енгізіп жатқанын айтты.

- Егер олар (жүк көліктері) нөмірін бүркемелесе немесе шешіп тастаса, оларға заңнамаға сәйкес қосымша жаза қолданылады, - деді ведомство басшысы.

Еске салсақ, былтыр маусым айында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев карьерде жүруге арналған HOWO және SHACMAN көліктеріне еліміздің жолдарында жүк тасымалдауға тыйым салынатынын айтты.

Сонымен қатар, ҚР Көлік министрлігі карьерлік ауыр жүк көліктерінің жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдармен жүруіне тыйым салуға қатысты түсінік берді. 

Соңғы жаңалықтар