Норвегия королінің денсаулығы күрт нашарлады

АСТАНА. KAZINFORM — Норвегия королі Харальд V-нің денсаулығы демалыс күндері күрт нашарлаған, деп хабарлайды NRK.

Норвегия королінің денсаулығы күрт нашарлады
Фото: NRK

— Ұлы Мәртебелі Корольдің денсаулығы демалыс күндері нашарлады. Қан құрамынан бактериялық инфекция анықталуына байланысты монархқа бактерияға қарсы ем тағайындалды, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар король сарайы мемлекет басшысының жалпы жағдайы тұрақты екенін және жүргізіліп жатқан емнің оң нәтиже беріп жатқанын атап өтті.

Қазіргі уақытта Харальд V 89 жаста. Ол Еуропада билік етіп отырған ең жасы үлкен мемлекет басшысы. Король 17 тамызда жұқпалы ауруға және гемолитикалық анемиядан туындаған асқынуларға байланысты ауруханаға жатқызылған.

Айта кетейік, 90-ға таяған норвегиялық монарх бұған дейін Испанияның Тенерифе аралында инфекция мен сусыздану салдарынан ауруханаға жатқызылды.