Норвегияда соғыстан қалған оқ-дәрілер қылмыскерлердің назарын аударып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Мамандардың бағалауынша, Солтүстік Норвегияның табиғи аймақтарында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен қалған жарылмаған оқ-дәрілердің мөлшері әлі де миллион тоннаға дейін жетеді, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

бомба
Фото: azertag.a

Жарылмай қалған бомбалар мен снарядтар теңіз түбінде де, құрлықта да — неміс және кеңес әскерлері соғысқан жерлерде, кейде тіпті тұрғын үйлерге жақын маңдарда да жатыр.

Полиция ескі снарядтардағы жарылғыш зат қылмыстық топтардың қолына түсуі мүмкін деп қауіптенеді. Қылмыскерлердің қызығушылығының себебі — бұл заттар әлі де қолдануға жарамды күйде сақталған. Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі заманғы металл іздегіштер арқылы снарядтарды тіпті су астынан да оңай табуға болады, сондықтан олар қаскүнемдер үшін қолжетімді болады. Бұрын Италияда бір қылмыстық топ соғыс кезіндегі ұшақ бомбасын тауып, оны теракт жасау үшін пайдаланған көрінеді.

Осындай оқиғалар Финляндияның Лапландиясында да кездеседі: ескі оқ-дәрілер ормандар мен су қоймаларынан әлі де табылып жатыр. Былтыр Рованиемиде бір азамат әкімшілік ғимараттағы қабылдау бөліміне соғыс кезіндегі артиллериялық снарядты әкелгеннен кейін, полиция ғимараттағы адамдарды эвакуациялауға мәжбүр болды. Алайда фин полициясы елде қылмыскерлердің мұндай жарылғыш заттарды мақсатты түрде пайдаланған жағдайлары тіркелмегенін атап өтеді.

Бұдан бұрын Норвегияда Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі алып бомба табылғанын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар