Нөсер жауын: Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген режимге көшті
Қалада жаңбыр толлассыз жауып жатыр. Осыған байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшті, деп хабарлайды Kazinform.

13 қазан түскі сағат 13:30-дан бастап шаһарда жаңбыр жауа бастады. Ол ертеңге дейін жауады деп болжанып отыр.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, коммуналдық қызметтер қала ішін жаңбыр суынан тазарту жұмыстарына кірісті.
«Су тасқынының алдын алу және жою үшін 38 патрульдік бригада, 168 арнайы техника, 23 мотопомпа және 757 жол жұмысшысы жұмылдырылды. 1 800 қап құм жиналды. Аудан әкімдіктерінде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды», - деп хабарлады әкімдіктен.
Синоптиктердің болжамынша, Алматыда жаңбыр таңға дейін жауады. Жауын-шашын мөлшері 10-15 мм жетуі мүмкін. Каменск үстірті аймағында платода желдің екпіні 15-20 м/с жетуі ықтимал. Күндіз ауа температурасы +14 +16 °С болады, түнде +3+5.